$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Бір бөлке нан үшін пойыздың астымен өтеміз»: Қурайлы тұрғындары үреймен күн кешіп жүр

Жергілікті жұрт өткел салып беруді сұрайды

«Бір бөлке нан үшін пойыздың астымен өтеміз»: Қурайлы тұрғындары үреймен күн кешіп жүр
Фото ашық дереккөзден

Ақтөбе шетіндегі шағын ауыл тұрғындары үреймен күн кешіп жүр. Себебі көрші тұрған Қурайлы ауылындағы әлеуметтік мекемелерге бару үшін теміржолды кесіп өтуге мәжбүр. Жергілікті жұрттың өткел салып беруді сұрағанына бірнеше жылдан асты. Бірақ жауаптылар тарапынан әзірге нақты іс болмай тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

 Анастасия Артықбаева бұл темір жолды бала күнінен бері кесіп өтіп жүр. Себебі өзі тұратын шағын ауылда қажетті нысандар болмаған соң арғы беттегі елді мекеннің балабақшасы, мектебі тіпті дүкеніне де қатынап өсті. Жас кезінде өз өмірі үшін қорқыныш аса сезілмегенімен қазір балалары үшін алаңдайды. Өйткені олар да көрші Қурайлыға қатынап оқиды. Ал жолдан өту өте қауіпті.

 «Бір бөлке нан үшін осы пойыздардың астымен өтіп, көрші ауылға барамыз. Бұған ешкім сенбейді. Бірақ бұл проблеманың шешілмей жатқанына біраз жыл болды. Адамдар үйлер салып, қатарымыз көбейіп жатыр. Сондықтан осы мәселені де жоятын уақыт жетті емес пе?», - дейді Қурайлы станциясының тұрғыны Анастасия Артықбаева.

Қала шетіндегі бұл шағын ауыл кезінде теміржол станциясы ретінде пайда болған. Қазір бау-бақша, мал өсіріп отырған 20-дан астам отбасы тұрып жатыр. Бірақ жанындағы Қурайлы елді мекені мен Ақтөбеге қатынау үшін өмірлерін қатерге тігіп, теміржолдан өтуге мәжбүр. Себебі ауылда тіпті дүкен түгіл, дәріхана да жоқ. Соңғы кездері мұнда жүк пойыздары апталап тұратын болған. Салдарынан тұрғындар вагондар арасынан өтеді. Ал шойын жолды айналып өту үшін үш шақырымдай жер жүру керек. Бұл  негізінен қарттар мен мектеп жасындағы балаларға оңай емес.

Тұрғындардың мәселесі құзырлы органдарға талай жеткен. Олардың жалғыз арманы – теміржолдан қауіптенбей өту үшін өткелдің болуы. Алайда, өтініш айтып келе жатқандарына бірнеше жыл болса да, әзір сең қозғалмапты. Ауылдықтардың мәселесін желілік полиция бөліміндегілер де көтеріп келеді.

Анықталғандай, мәселенің қай уақытта шешілері әзірге белгісіз. Теміржолға жауапты мекеме қызметкерлері өткел салу компания міндетіне кірмейтінін айтады. Ал жергілікті билік бұл үшін ауқымды қаражат қажет дейді. 

Теміржол арқылы өткел салыну үшін алдымен бюджеттен қаражат сұралмақ. Содан кейін ғана құрылыс басталады.   Тұрғындардың өтінішіне енді ғана құлақ түрген жауапты орган өкілдері бұл мәселені түбегейлі шешу үшін әлі уақыт қажет дейді. Ал жыл басынан бері теміржол маңайында төрт бірдей қайғылы оқиға болған. 

Серіктес жаңалықтары