Қазақстан 400-ден астам әскери қызметкерін бітімгер ретінде Оңтүстік Африкаға жібереді
Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында белгілі болды
Қазақстан БҰҰ-ның Бітімгерлік миссиясы аясында 409 әскери қызметкерін алдымен Оңтүстік Африкаға, артынан Конго, Ливан, Мали елдеріне жібереді. Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы ұсынысын оқыған Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Палаталардың бірлескен отырысын ашқан Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов күн тәртібіне тоқтала келе, ең бірінші мәселе – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ мисияларына қатысу үшін ҚР Қарулы күштерінің Бітімгершілік контигентін өзге елдерге жіберу туралы ұсынысы қаралатынын мәлім етті.
«Конституциямыздың 53-бабының бесінші тармақшасына сәйкес, президенттің ұсынысы бойынша Парламент палаталарының бірлескен отырысында халықаралық міндеттемелерді орындау үшін республиканың қарулы күштерін пайдалану туралы шешім қабылдайды. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының ұсынысын жария ету үшін сөз Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа беріледі», - деді Қошанов.
«Президендітіміздің Парламентке үндеуін оқуға рұқсат етіңіздер. Қазіргі уақытқа дейін Қарулы күштердің әскери қызметшілері Парламент қаулыларына сәйкес, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемені орындау үшін БҰҰ Бітімгершілік миссияларына жіберіп отырды. 2014 жылдан бастап 45 офицер Батыс Сахарада, Кот-д'Ивуарда, Ливанда миссияға әскери байқаушы және штаб офицері ретінде, 2018 жылдан бастап 520 әскери қызметші бітімгершілік бөлімше құрамында Ливандағы миссияға қатысты.
Қазір Батыс Сахарада алты, Ливандағы уақытша күштерде тоғыз әскери қызметші қызметін өтеп жатыр. Ұйым басшысы біздің әскери қызметшілердің даярлық деңгейін жоғары бағалап, бітімгерлер санын арттыруда қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді», - деді Руслан Жақсылықов Тоқаевтың Үндеуін баяндай келе.
Қорғаныс министрі БҰҰ жарғысының 7-ші тарауына сәйкес, Қарулы Күштердің Орталық Африкада, Конго Деморкратиялық Республикасында бітімгершілік миссияға қатысуын көбейтуді әлі де орынды деп санайтынын жеткізді.
«Қазақстан штаб офицері әскери байқаушы ретінде қазіргі уақытта миссияда анағұрлым тапшы болып саналатын жаяу әскер, медициналық барлау, инженерлер, әскери полиция бөлімшесін бөлуге дайын.
Бүгін бітімгершілік миссиясын қысқарту аясында бітімгершілік күштерін беретін елдер арасында бәсекелестік артуда», - дейді ол.
Осыған байланысты, Президенттің сөзіне сүйенген Жақсылықов БҰҰ-ның Бітімгершілік миссиясы аясында Қазақстан аталған мемлекеттерге тағы да 400-ден астам әскерін жіберуге дайын екенін айтты.
«Конституцияның 53-бабына сәйкес, бітімгершілік контингентін жалпы саны – 409 әскери қызметшіні бірінші Орталық Африкадағы тұрақтандыру миссиясына, екінші Конго Демократиялық Республикасының тұрақтандыру жөніндегі миссиясына, үшінші Малидегі БҰҰ-ның тұрақтандыру жөніндегі көпфункционалды кешен миссиясына жіберу туралы ұсынысты күн тәртібіне шығарамын», - деді Қорғаныс министрі.
Қос палата депутаттары Президенттің осы ұсынысын қолдады.