Алматы облысында жол апатына ұшыраған әйел әділдік сұрайды
Құзырлы органдар көтерілген мәселені сотқа жеткізбей 2 рет жауып тастаған
Алматы облысында жол апатына ұшыраған әйел әділдік сұрайды. Ауру боп қалғанына 9 ай өтсе де, «әлі істің ақ-қарасы ажыратылмады» деген ол - ана болу бақытынан айырылған. Ал аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс екі мәрте жабылып қалыпты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.
Жұмысқа барар жолда жаны әрең аман қалған Тазагүл Жәмешова қазір екінші топтағы мүгедек. Жүргіншіге арналған жолақ арқылы арғы бетке өтем дей бергенде зулап келген көлік қағып, салдарынан бел омыртқасы мен аяқ, қол сүйектеріне зақым келген. Бір жамбасының өзі үш жерден сынып отыр. Салдары тым ауыр.
«Мына жағымның бәрі полный істемейді. Негізі 5 жылдан бері емделіп жүрген адаммын ғой, ана болайын деген арманым бар еді. Балтамен шауып отыр ғой. Маған тек шындық қана керек, болғаны», – деді зардап шеккен азамат Тазагүл Жәмешова.
44 жастағы Тазагүлдің туыстары кінәлі тараптың тек сол күні Алматыға дейінгі жол ақысын төлегенін айтады. Ал одан соң азаматтың хәл-жағдайын білуге де ұмтылмаған. Арада 8 айдан уақыт өтіпті.
«Әпкесі маған «Сен Қарлығаш, шүкірлік ет. Елдер машинамен қағып, елді басып, өлтіріп кетіп жатыр. Сен шүкірлік ет сенің сіңілің тірі қалды. Не істей аласың маған?» деп қоқан-лоқы көрсетті», – деді Т. Жәмешованың әпкесі Қарлығаш Жәмешова.
«Арызыңды қайтып алыңдар, біз сендерге былай көмектесеміз» дейді. Мен ондайға көнген жоқпын, содан кейін, қорқыта бастады», – деді Т. Жәмешованың інісі Алмас Темірбаев.
Тым болмаса істің ақ-қарасын ажыратуды сұраған туыстары «тентекке тұсау бола ма дегенде, мамандар керісінше барды жоқ, жоқты бар етіп отыр» дейді. Ірілі-ұсақты түсініксіз жайттарды былай қойғанда, кейіннен әуел баста табылмаған куәгерлер пайда болыпты. Осылай деген Тазагүлдің жақындары істің толық зерттелуін талап етеді.
«Сараптаманың қорытындысына сәйкес, жүргізуші техникалық себептерге байланысты жаяу жүргінші жолында тоқтай алмаған. Көліктің жағдайында ешқандай мін жоқ. Ал аталған іске қатысы бар азаматтардан алынған ақпарат бір емес, бірнеше мәрте тексерілді», – деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.
9 ай бұрынғы жол-көлік оқиғасы осы жүргіншілер жолында болған. Кейіпкер жолдан өтпек боп 2-3 адым аттағанда көлік қаққанын айтады. Бірақ тізгінде болған азаматтың айтуынша, әйелдің 30-40 метр әріректе болған. Көлік тізгінінде болған азаматтың өзімен тілдестік. Отбасылық жағдайына байланысты сұхбат беруден бас тартқан ол «аталған іспен құзырлы органдар айналысуы тиіс» деген жауап берді. Ал, құзырлы органдар көтерілген мәселені сотқа жеткізбей 2 рет жауып тастаған.