Алматы облысында ауыз судан тарыққан тұрғындар жергілікті биліктің бейқамдығына наразы
Әкімдіктегілер тұрғындарды тұқыртқан түйткілді шешуге құлықсыз
Алматы облысында ауыз судан тарыққан Қайнар ауылының тұрғындары жергілікті биліктің бейқамдығына наразы. Өйткені әкімдіктегілер тұрғындарды тұқыртқан түйткілді шешуге құлықсыз, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Күннің ыстығында аңқасы кепкен жұрт жаңа су құбырына салып беруді сұрайды. Жарты ғасыр бұрын қазылған жерасты су қайнары тұтас елдімекенді сумен қамтуға мүмкіндігі жетпейді.
Қайнар ауылының тұрғындары амалдың жоқтығынан қара суды үнемдеп ішуге үйренген. Сабыры сарқылған жұрт жаз басталса, ауыз судың зардабын тартамыз деп мұңын шақты. Ал жергілікті билік жұртты тұқыртқан түйткілдің түйінін тарқатуға құлықсыз.
«Менің үйімде бір қасық су жоқ. Мына ауылдан тасып алып кетемін. Бес балам бар. Кішкентай нәрестем бар. Жаялық жуамын. Шомылдырамын. Тамағым бар. Бақша еге алмаймын, су жоқ. Әкімді үнемі шақырамыз. Орынбасарын жібереді. Мәселемізді айтамыз. Барлығы айтқан жерде қалады», - деді Қайнар ауылының тұрғыны Айнұр Омарова.
Елдімекен халқы тіршілік нәрін жарты ғасыр бұрын қазылған жерасты су қайнарынан алады. Бірақ бүкіл ауылды қамтуға жалғыз бұлақ аз. Бұқараның бас ауруына айналған ауыз су мәселесі қашан шешілетінін ауыл әкімі айтуға жарамады. Өйткені шенеунік ақсақалдар кеңесін жиналысқа тасудан қолы босамай жүр екен. Ал әкімдіктен шыққан бас маман «барлығы жасалады» деген жаттанды жауабын айтты.
«Нақты қашан екенін айта алмаймын. ПСД әлі дайын емес. Құжаттар қазір дайындық үстінде. Дайын болғаннан кейін ақша бөлінеді. Оны тендерге шығарып, ақшасы бөлінгеннен кейін ұтып алған компания жұмыс атқарады», - дейді Қайнар ауыл округі ТКШ бөлімінің бас маманы Нариман Адамбеков.
Судың қорлығы өткен қайнарлықтар «Қазынадан қаржы бөлінгенше, қаталап отырамыз ба?» деп қапалы. Тұрғындар ауылды ауданның су құбырына қосып беріңдер деген талабын облыс әкіміне жеткізбек.