Алматы облысында ауыл дәрігері арнайы байқаудан 7 млн теңге ұтып алды

Ауыл дәрігеріне қомақты қаражат медицина қызметкерлері күні қарсаңында берілді

Алматы облысында ауыл дәрігері арнайы байқаудан 7 млн теңге ұтып алды

Алматы облысында «Дипломмен ауылға» барған дәрігер 7 млн теңгені жеңіп алды. Ауыл дәрігеріне қомақты қаражат медицина қызметкерлері күні қарсаңында берілді. Облыстың өзгеде дәрігерлеріне Қонаев қаласында құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Кез келген мемлекеттің ең басты міндеттерінің бірі - ел азаматтарының денсаулығын арттыру. Соңғы екі жылда, пандемиямен күрес кезінде тәжірибелі дәрігерлер барынша жұмысын көрсеткен қызметкерлерге зор ризашылығымды білдіремін. Қаңтар оқиғасы кезінде жарақат алған азаматтарға жедел медициналық көмек көрсеткен дәрігерлердің еңбегі өлшеусіз. Көп адамдар жұмыс орнын тастап, қашықтан істесе де, сіздерде ондай мүмкіндік болмады. Сондықтан да халықтың ризашылығы сіздерге ерекше. Антына адалдық танытып, күн сайын ерлікке тең іс атқарып жүрген сіздер құрметке лайықсыздар», - деді Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы.

Жиында күні-түні жарғақ құлағы жастыққа тимей, дерттің емін тауып, күш-жігерін салып жүрген медицина қызметкерлері «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Сонымен қатар «2022 жылдың үздік медициналық қызметкері» байқауының жеңімпаздары, «Үздік дәрігерлік амбулатория», «Үздік әлеуметтік қызметкер» номинациясымен марапатталып, жеңімпаздарға диплом мен ақшалай сыйлық табысталды. Үздіктер арасында Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасына дәрігері Қарасаев та бар. Ол бұл байқауда «Стационардың үздік дірігері» номинациясын жеңіп, 7 миллион теңгеге ие болды.

«Ауылдық жерлерді өркендету, дамыту мақсатында «дипломмен ауылға» бағдарламасы ұйымдастырылып, өз нәтижесін беруде. Мен де университетті бітіріп, Өтеген батыр ауылы, Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасына дәрігер болып орналастым. Ауылдық жерлерде балалардың денсаулығына ден қойып, барлық күш-жігерімізді салып келеміз. Атаулы күнде елеңген еңбек - тек менің ғана емес, бүкіл ұжымның жеңісі», - деді Рамиль Қарасаев.

Медицина қызметінің сапасын жақсарту мақсатында биылдың өзіне бұл салаға 4,4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Жыл сайын ғимараттар мен техникалық базаны жаңарту да жалғасып жатыр. Соңғы үш жылда өңірде 354 дәрігер жаңадан жұмысқа тұрған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.