Мемлекет басшысы 25 қазанды Егемендік мерекесі ретінде атап өтуді ұсынды
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды

Ұлттық құрылтайдың жабылу салтанатында қорытынды сөз алған Мемлекет басшысы 25 қазанды Егемендік мерекесі ретінде атап өтуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның 25 күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай қадам қоғам бірлігін нығайта түсетінін атап өтті.
«1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Бұл қадам қоғамды жаңғыртып, ел бірлігін нығайта түседі деп сенемін», - деді ол.