$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қаңтар оқиғасына қатысты зерттеу мәңгілікке созылмауы керек – Асқар Жұмаділдаев

Белгілі математик Мемлекет басшысына бірнеше ұсыныс айтты

Қаңтар оқиғасына қатысты зерттеу мәңгілікке созылмауы керек – Асқар Жұмаділдаев
Фото ашық дереккөзден

Бүгінгі Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда белгілі математик Асқар Жұмаділдаев Президент  Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаңтар қырғынының әділ тергеліп, ақиқаты айтылуы тиіс екенін мәлім етті. Сондай-ақ, ғалым Мемлекет басшысына бірнеше нақты ұсынысын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Біз «мәңгілік» деген сөзді көп айтып кеттік. Мәңгілік деген неше жыл, 20-30 жыл ма? Кеше қаңтарда осы сұрақ көлденеңінен қойылды. Көшеге шыққан 20-30-дың арасындағы жастардың 99%-ы қазақ. Бәрі бір кездері мемлекеттік гимнді қойып, менің кезімде айқайлаған жігіттер. Бәрі рухани жаңғырған, бәрі де «Мәңгілік елде тұрып жатсыңдар» дегенді жүз рет естіген жігіттер. Менің ойымша, біз осыдан сабақ алуымыз керек. Бұл оқиғаға қатысты зерттеу жалғасу керек және ол мәңгілік зерттеу болмау керек. Мұның соңында «мынау кінәлі, мынау кінәсіз» деген міндетті түрде ашық айтылуы керек», - деді математик.

Сондай-ақ, ғалым жаңа Қазақстанда жалған намысты жиып қойып, нақты іске көшуге шақырды.

«Жаңа Қазақстан үш бөліктен құралады. Бірінші – cөз бен істің ұйқасы, екінші – әдептілік, үшінші – жаңа ұмтылыс. Мен сол соңғысына тоқталсам. Жақында IOS Apple-ға қазақтың тілін енгізді. Бұл мен үшін үлкен жаңалық. Олар пайдасын тигізбесе, ешқандай жұмыс істемейді. Сондықтан бұл дегеніміз –  қазақ тілінен ақша табуға болады, оның болашағы бар деген сөз. Енді сіздерге өтініш, айфонда қазақ тілін таңдаңыздар, банкке барғанда қазақ тілін таңдаңыздар. Қазақ бос мылжың айта ма, шындық іс айта ма іспен көрсетейік.

Мен өзім білетін төрт жігіт, бір қыз бірлесіп үш тілде «Oyla» деген журнал шығарды. Олардың тиражы 20 мыңға жетті. Сол журналдың орысшасында 13 мың жазылушы бар, Америкада ағылшынша, Германияда немісше шығады.  Өкінішті жағдай, қазақ тілінде неше оқырман бар деп сұрасаңыз, он үш адам. 130 емес. Мен мұнда ұят және намыс деген сөзді қолдана аламын. Кеше Мәскеуден бір ақымақ келіп «қазақ тілі жаман» деп айтқаны үшін бәрі шулап, намыстанып жатыр екен. Осы намыс шығатын жер ма? Менің ойымша, қазақтың жалғыз, әлемдік деңгейдегі журналға 13 адам жазылуы намыс жоқ деген сөз. Қазақ өкінішке қарай, қызыл сөзге, әсіре сөзге, ертегіге әуес болып кетті. Демек мұны түзеу керек.

Осы «Oyla» журналының қазақ редакциясын қайта шығару керек. Және Қазақстандағы барлық мектепке тегін жіберу керек. Сонда келесі жылы 13 оқырманның саны 14 болады. Сосын математикаға қатысты Қазақстаннан шығатын кітаптар санын таппаймыз. Бұл ұят нәрсе. Техникалық ғылымдар саласындағы оқулықтарды қазақ тілінде шығаруды жалғастыру керекпіз», - деді Асқар Жұмаділдаев.

Серіктес жаңалықтары