Бейжіңде коронавирусқа байланысты үйлену тойын жасауға уақытша тыйым салынды
Сондай-ақ, әзірге жерлеу рәсімін өткізуге де болмайды
Қытай астанасы Бейжің қаласында коронавирусқа байланысты үйлену тойын және жерлеу рәсімдерін өткізуге уақытша тыйым салынды. Бұл туралы China News хабарлады.
Жерлеу рәсіміне тыйым салынуының себебі, әрбір қоштасу рәсіміне жүз адамға дейін жиналады, ал бұл вирустың таралуына ықпал етеді.
Бейжіңдегі отау құрғалы жүрген ғашық жұптар да 2 ақпанда неке қию рәсімін өткізе алмайтын болды. Мұның себебі – Қытайда 2020 жылдың 2 ақпаны ең сұранысқа ие дата. Себебі, бұл мың жылда бір келетін күн деп есептеледі, яғни бұл датаның айтылуы қытай тілінде «мен сені сүйемін, сүйемін сені» деген сөз тіркесімен сәйкес келеді.
Қала билігі осыдан бір апта бұрын 25 қаңтар күні тойланатын Қытайдың жаңа жылына арналған ауқымды шаралардың барлығынан бас тартты.
Еске сала кетсек, соңғы мәліметтер бойынша Қытайда коронавирустан 170 адам көз жұмды. Ал, жалпы жұқтырғандар саны 7 мың 800-ден асып кетті.