Қытайдан Нұр-Сұлтанға келген 17 жастағы қыздан қауіпті вирус анықталды
Дәрігерлердің айтуынша, бойжеткен Гонконг тұмауымен ауырады
Қытай астанасы Бейжің қаласынан келген 17 жастағы қызда жаңа коронавирус белгілері табылмады. Алайда дәрігерлер оның Гонконг тұмауымен ауыратынын анықтады, деп хабарлайды Azattyq rýhy тілшісі.
Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, қыздың ағзасынан анықталған бұл індет қауіпті вирус болып саналады.
«Ол қызда H3N2 штамы бар тұмау анықтады. Бұл - нақты дерек», - деді Жандарбек Бекшин.
Микробиологиялық классификация бойынша Гонконг тұмауы H3N2 болып белгіленеді. Алғашында бұл вирус құстар арасында тараған, кейіннен адамдарға жұға бастаған.
Еске сала кетейік, 28 қаңтарда Қазақстанға Қытайдан келген төрт жолаушы респираторлық вирусты инфекция бар деген күдікпен ауруханаға жатқызылған еді. Барлығының дене температурасы көтеріліп тұрған. Олардың ішінде 17 жастағы қыз да болды.