Маңғыстауда сотталғандарға ертегі терапиясы ұйымдастырылды
Психологтың айтуынша мұндай терапия жазасын өтеп жатқандардың болашақта қайтадан қылмыс жасамай, дұрыс өмір сүруіне ықпал етеді
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ГМ-172/8 қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар арасында ертегі терапиясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Көптеген адамдар өз эмоциясынан ұялып, оларды мүмкіндігінше терең жасырады. Бірақ эмоция жоғалып кетпейді және жойылмайды да, олар біздің ішімізге жиналады, ал ертегі оларды босатуға мүмкіндік береді», - дейді ГМ-172/6 мекемесінің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік психологиялық жұмыстары бойынша бөлімінің психологиялық қамтамасыз ету тобының психолог маманы, әділет капитаны Кәмшат Саипова.
Психологиялық тренингте «Менің бойымдағы қорқыныш», «Қоғамда өз орнын таппау», «Психосоматикамен жұмыс», «Өз-өзін бағалау деңгейінің төмендеуінен айналадағы адамдармен қарым-қатынастардың төмендеуі» тақырыптары қамтылды.
Психолог маманның айтуынша ертегі көру әдісі арқылы сотталғандардың ойы бөлініп, кейіпкерлер арқылы жағымды қасиеттерге назар аударады. Әрі пікір алмасып, өз ойларын ашық айта алатын болады.