Көліктік сервис орталығының акциялары толықтай республикалық меншікке өтті

Azattyq Rýhy

Қазір акцияларды «Самұрық-Қазына» АҚ меншігіне өткізу процесі жүріп жатыр

Көліктік сервис орталығының акциялары толықтай республикалық меншікке өтті
фото: aktinfo.com

ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, «Көліктік сервис орталығы» АҚ акцияларының пакеті 100%  республикалық мемлекеттік меншікке қабылданды. Қазіргі уақытта акцияларды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ  беру ұйғарымымен, «Самұрық-Қазына» АҚ меншігіне өткізу процесі жүріп жатыр. Бұл туралы Azattyq Ruhy «Қазақстан темір жолы ҰК» баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

КСО-ның кірме жолдарында вагондарды қойып беру-алу, қозғалыс қауіпсіздігі мен жылжымалы құрамның сақталуын қамтамасыз ету үшін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да жұмыс топтары құрылды. Оларды жол бөлімшелері – «ҚТЖ - Жүк тасымалы» ЖШС филиалдарының директорлары басқаратын болады. Топтарға «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалдарының – магистральдық желі бөлімшелерінің, заң және қаржы қызметтерінің өкілдері кіріп отыр.

Бұдан басқа, «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Шарттық және коммерциялық жұмыс» автоматтандырылған басқару жүйесіне жылжымалы құрамның жүруі, маневрлік жұмыстар, вагондарды тиеу және түсіру және басқа да технологиялық операциялар, сондай-ақ жылжымалы құрамның тұруы үшін кірме жолды ұсыну бойынша ТСО қызметтері үшін түрлі алымдар мен қарапайым түсімдерді жинақтау үшін жаңа баптар енгізілді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша және 2022 жылғы 20 сәуірдегі №233 қаулының негізінде балансында бүкіл Қазақстан бойынша 400-ден астам теміржол кірме жолдары бар КСО акцияларын мемлекеттік меншікке беру туралы шешім қабылданды.

Уәкілетті орган ТСО-ның 2022-2026 жылдарға арналған тарифтерін бекітті, олар өңірге байланысты 80-92% - ға төмендетілді. Атап айтқанда, маневрлік жұмыстар, тиеу-түсіру және басқа да технологиялық операциялар үшін, сондай-ақ жылжымалы құрамның тұрағы үшін кірме жолды ұсыну тарифі осы жылға 8,7 теңге вагон/уақыт мөлшерінде (ҚҚС-сыз) бекітілді. Ал жылжымалы құрамның жүруі үшін кірме жолды ұсыну тарифі - 147,3 теңге вагон-км (ҚҚС-сыз) мөлшерінде.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.