Халық дауыс беруге жақсы көңіл күймен келіп жатыр – халықаралық бақылаушылар
Бүгін елімізде Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтіп жатыр

Халықаралық байқаушылардың ақпараттық орталығында өткен брифингте бақылаушылар халық өз еркімен дауыс беруге келіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Палестина Мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпустың Дуайен орынбасары, жоғары мәртебелі доктор Монтасыр Абузейд мәлімдеді.
«Бүгін, 5 маусым – Қазақстан халқы үшін маңызды күн. Референдум өтіп жатыр. Бүгін халықаралық бақылаушы ретінде алғаш рет қатысып отырған жоқпын. Осыған дейін Президент және Парламент сайлауына да халықаралық бақылаушы ретінде қатысқан болатынмын. Бүгін бірқатар учаскеде болдық. Халықтың қалай дауыс беріп жатқанына куә болдық. Олар өз еркімен, ешқандай қысымсыз жақсы көңіл-күйде дауыс беріп жатыр. Сондай-ақ ешқандай құқық бұзғандарды байқаған жоқпыз, - деді Монтасыр Абузейд.
Монтасыр Абузейдтің Палестина мемлекетінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі ретінде қызмет етіп келе жатқанына 6 жыл болды. Ол осы айдың соңында өз міндетін дипломатиялық корпустағы басқа әріптесіне табыстайтынын жеткізді.
«Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев басшылық етіп отырған қазақ халқына табыс және жетістік тілеймін», - деді ол.