$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ерлан Қарин: Референдумда жастардың айрықша белсенді екені байқалады

Бүгін елімізде Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтіп жатыр

Ерлан Қарин: Референдумда жастардың айрықша белсенді екені байқалады
Фото: Батыр-Жан Беспаев

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин жалпыхалықтық референдумда дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекеттік хатшы елордадағы №111 референдум учаскесінде өз таңдауын жасаған соң, БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берді.

«Референдумға қатысуым – жеке таңдауым. Әр азамат ел өміріне қатысты маңызды шараларға белсене қатысқаны жөн. 1995 жылғы референдум әлі есімде. Мен ол кезде студентпін. Референдум бойынша бастамашы топтың құрамында болып, үйлерді аралап, халыққа Конституцияның маңыздылығына қатысты түсіндіру жұмысымен айналыстық. Бүгін отбасыммен келдім. Референдумға дейін отбасымда оның мәні мен маңыздылығы, қалай өтетіні туралы әңгіме құрдық. Балаларыммен референдум туралы дискуссия өткіздік, олардың бұл шарадан хабары бары қуантты», - деді Ерлан Қарин.

Ол референдумда ел азаматтарының, оның ішінде жастардың белсенділік қызу белсенділік танытып жатқанын атап өтті.

«Бүгінде белсенді жастардың елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік даму жағдайына қатысты сұрағы көп. Жалпы бүгінгі шараға қазақстандықтар белсене қатысып, өз таңдауын жасайды деген сенімдемін. Референдумға дайындық барысында еліміздің біраз өңірінде болдым. Түсіндіру жұмыстары кезінде азаматтардың белсенділігі байқалды. Конституцияға енгізілетін өзгерістер қызу талқыға салынды. Сол сияқты демалыс күндері отбасыммен, балаларыммен қыдырып жүргенде көшеде көріп, таныған азаматтар тоқтап, референдумға қатысты сұрақтарын қойып жатты. Бұл да қызығушылықтың белгісі», - деді Е. Қарин.

Мемлекеттік хатшы қазіргі референдум мен 27 жыл бұрын өткен референдумды салыстырып өтті.   

«Ол кезде де, қазір де – осы сәттің маңыздылығын, еліміздің жаңа, маңызды, айтулы кезеңге аяқ басып жатқанын сезіндік. Менің ойымша, сол кезде де, қазір де азаматтар жағдайдың маңыздылығын бірдей түсінді. «Бүгінгі референдум елде болып жатқан үдерістерге қатысты қоғамдық пікірдің қаншалықты объективті екенін көрсетеді деп ойлаймын. Бұл – еліміз дамуындағы перспективаларды ортақ түсіну», - деді ол.

Айта кетейік, бүгін елімізде Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум өтіп жатыр.  

Осыдан тура бір ай бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Барлығы республика бойынша 10 013 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Қазақстандықтар сондай-ақ, шетелдерде дауыс беруге құқылы.

Референдумда дауыс беруге құқылы азаматтардың тізіміне 11,7 млн сайлаушы қосылған. 

Барлық сайлау учаскесі таңғы 7:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.  

Серіктес жаңалықтары