$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Елімді сүюді Елтаңба авторларының бірі Шот-Аман Уәлихановтан үйрендім – Тоқтар Әубәкіров

Елімді сүюді Елтаңба авторларының бірі Шот-Аман Уәлихановтан үйрендім – Тоқтар Әубәкіров
фото: azattyq-ruhy.kz

Бүгін Тәуелсіздіктің тұмары Мемлекеттік рәміздер күні. Қазақстан егемен ел атанып, өз нышандарын қабылдағанына 30 жыл. Бұл мерейлі дата Елтаңба авторларының бірі Шот-Аман Уәлихановтың 90 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров біртуар сәулетші жайында естеліктерімен  бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Тоқтар Әубәкіров Шот-Аман Уәлихановпен жақын араласқан тұлғалардың бірі. Ол атақты сәулетшімен ғарышқа ұшауға дайындалып жүрген сәтте танысқанын айтады.

«Байқоңыр» ғарыш айлағына бөгде адамдардың кіріп-шығуына тыйым салынған. Өйткені ол санитарлық аумақ болып саналады. Шот-Аман ағамызбен сол айлақта таныстым. Ебін тауып, ішке кіріп, менімен кездесті. Елтаңбаның үлгісін маған көрсетуге келген екен. Маған эскиз қатты ұнады. Көңілімнен шыққаны соншалық, оны біздің ғарышқа ұшуымыздың белгісі ретінде өзіммен бірге алып ұшуға рұқсат сұрадым. Қуанышында шек болмады. Мен бұл мәселені басшылыққа жеткіздім. Ол қазақ экипажының эмблемасына айналды. Екі жағында Тоқтар және Талғат деген жазу болды. Екеуміз де ұшуға дайындалып жүрген болатынбыз. Біздің экипажды 8 елдің президенті шығарып салды. Суретке кеменің және «Мир» станциясының мөрін бастым. Екеуі де станциямен бірге жанып кетті. Ал суретті әкеліп, Шота Ыдырысұлына табыстадым. Кейін дәл сол үлгіні конкурстық комиссия қабылдады. Ол егемен Қазақстанның символына айналды. Шота Ыдырысұлы жай ғана сәулетші болған жоқ. Ол нағыз патриот еді. Ол қазақ халқын өле-өлгенше құрметтеп, қастерлеп өтті. Кейінгі ұрпаққа қаншама құнды жазбалар қалдырды.  Мен – нағыз патриоттық сезімді сол кісіден алғанымды мойындаймын», - дейді ҚР тұңғыш ғарышкері, «Халық қаһарманы», Кеңес одағының батыры Тоқтар Әубәкіров.

1992 жылы жаңа мемлекеттік символиканы жасау туралы байқау жарияланған болатын. Тәуелсіз республиканың Елтаңбасын таңдайтын комиссияға 245 сурет үлгісі тапсырылды. Солардың арасынан ең үздік деп Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың жұмысы таңдап алынды.

СӘУЛЕТШІНІҢ ҮЙІ ӘЛІ КҮНГЕ САҚТАУЛЫ

Шот-Аман Ыдырысұлы 1932 жылғы  26 сәуірде туған. Ол қазақтың ұлы ханы Абылай ұрпағының отбасында дүниеге келген.

 «Шота ағамыздың туған елі, туған жері, кіндігінің қаны тамған елі ол – біздің Сырымбет елі. Әлі күнге дейін оның орны бар. Кәкімбек Салықов екеуі бір партада отырып, бірге оқыған. Ол көп жылдар бойы еңбек етті. Соның арқасында үлкен дәрежелерге жетті. Қайда жүрсе де, елін ешқашан ұмытпаған. Нағыз патриот. Қаншама жұмыстың арасынан оның еңбегі таңдалуы кездейсоқ емес. Себебі біздің Елтаңба – Отанға деген шексіз сезімнен туған. Мерейтойға орай «Шот-Аман Уәлихановтың шығармашылық мұрасы» 7 томдық жинағы кітабының тұсауы кесілді. Бұл біз үшін баға жетпес рухани байлық. Оны қастерлеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз», - дейді Ш.Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық мұражайының директоры Уәлихан Құлбаев.

Шот-Аман Уәлиханов орта мектепті күміс медальмен аяқтаған. Ол 1950-56 жылдар аралығында Мәскеу сәулет институтында оқыған. Еңбек жолын Алматы қаласындағы  Қазақ қала құрылысын жобалау институтында сәулетші болып бастады. Одан кейін КСРО Сәулет және құрылыс Академиясының қазақ бөлімінде кіші ғылыми қызметкер, Алматы қаласының бас сәулетшісінің орынбасары, Қазақ өнеркәсіп құрылысын жобалау институтының аға ғылыми қызметкері, Республикалық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ азаматтық село құрылысын жобалау институтында бас сәулетші болды. 1973 – 1982 жылдары үзбестен он жыл бойы Қазақстан Сәулетшілер Одағын басқарды, КСРО Сәулетшілер Одағы басқармасының хатшысы болды.

 «30 жылдың ішінде осы Елтаңбамыз арқылы әлемге танылып, барлық халықаралық жарыстарда көк Туымызды желбіретіп жүрміз. Мемлекеттік рәміздеріміздің 30 жылдығымен бірге Шот-Аман Уәлихановтың 90 жылдығы атап өтілуде. Ол қазақтың әйгілі этнограф ғалымы Шоқан Уәлхановтың әулетінен шыққан. Атасы – Мақы, Шоқанның інісі Санкт-Петербордан білім алған. Одан кейін оның баласы Ыдырыс, оның баласы Шот-Аман Уәлиханов. Ол Жанбарбек Мәлібековпен бірге біздің Елтаңбаны жасаған. Онда қазақтың негізі болып саналатын киіз үйдің шаңырағы бейнеленген. Көк Туымыз – бейбітшілікті аңсаған, ынтымаққа, жарқын болашаққа ұмтылған қазақ елін бейнелегендей. Осының бәрін авторлар рәміздер арқылы көрсетіп берді», - дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры  Сәуле Мәлікова.

Шәкен Ниязбеков, Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Жандарбек Мәлібеков және Шот-Аман Уәлиханов – бұл тұлғалар Қазақст Республикасының  мемлекеттік рәміздеріміздің авторлары.

Серіктес жаңалықтары