Ұлттық ұланда ерлікпен қаза тапқан сарбаздың әкесіне көлік сыйға тартылды

Azattyq Rýhy

Бұл бастамаға ресейліктер мұрындық болған

 
Ұлттық ұланда ерлікпен қаза тапқан сарбаздың әкесіне көлік сыйға тартылды

 Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында қаза тапқан қатардағы жауынгер Досбол Сапардың әкесі Еркінбек Әбдіқадыровқа автокөліктің кілті мен сертификаты салтанатты түрде табыс етілді, деп хабарлайды Polisia.kz.

27-28 мамыр аралығында Мәскеу қаласында дзюдодан халықаралық турнир өтіп, оған Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының командасы қатысқан болатын. Аталған турнир қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілерді еске алуға арналды.

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас Қолбасшысы турнир ұйымдастырушылары – Ресей Федерациясы дзюдо ардагерлері ұлттық одағының 2016 жылғы маусымда 6655 әскери бөлімінде террористердің қарулы шабуылына тойтарыс беру кезінде ерлікпен қаза тапқан қатардағы жауынгер Досбол Сапардың әкесіне бағалы сыйлық табыстау туралы бастамасын қолдады.

– Құрметті Еркінбек Сапарұлы, Қазақстанның бейбітшілігі мен қауіпсіздігі үшін жас өмірін қиған біздің еліміздің нағыз патриоты – ұлыңыз Досболды тәрбиелегеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ РФ дзюдо ардагерлері ұлттық одағының басшысы Павел Бальский және оның өкілі “Атоком” ЖШС директоры Жұмажан Мұқатановқа қаза тапқан полиция қызметкерлері және құқық қорғау әскерлері әскери қызметшілерінің ата-аналарына көрсеткен қамқорлығы мен назары үшін жеке алғысымды білдіремін, – деді Бас Қолбасшы.

Айта кету керек, ҚР Президентінің 2016 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлығымен әскери борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, елдің ұлттық қауіпсіздігін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Досбол Сапар қаза тапқаннан кейін III дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталған болатын.
 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.