$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Павлодар облысында 167 бас мал ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

Тінту кезінде күдіктілерден тағы 67 ұрланған жылқы, автокөлік және екі мотоцикл табылды

Павлодар облысында 167 бас мал ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

167 бас малды ұрлаған ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл – ішкі істер органдары қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Дәл осы қылмыстар мал иелеріне айтарлықтай зиян келтіреді. ІІМ Криминалдық полиция департаменті Павлодар облысы ПД-мен бірлесіп ұйымдастырған арнайы операция нәтижесінде Семей қаласында ұрланған 40 бас жылқыны айдап өту кезінде бес адамнан тұратын өңіраралық қылмыстық топ ұсталды.

Бұл топтың, сондай-ақ Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында алты мал ұрлығын жасағаны дәлелденді. Олар барлығы 167 бас мал ұрлады. Тінту кезінде күдіктілерден тағы 67 ұрланған жылқы, автокөлік және екі мотоцикл табылды.

Топ қатысушылары арасында нақты рөлдерді бөлуді қарастырғаны анықталды. Сонымен бірге ұрланған мал алдын ала союға дайындалған жерге айдалып, етті таныс қасапшыларға сатып отырған.

Қылмыстық топқа қатысты ҚР ҚК-нің 262-бабы (Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) бойынша қосымша қылмыстық істер қозғалды, яғни мүлкін тәркілей отырып, ұйымдасқан қылмыстық топты құру, оған басшылық ету және оған қатысқаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қаралды.

Айта кету керек, ІІМ мал ұрлығының алдын алу және ашу үшін қызметкерлерге арналған оқу бағдарламалары мен ұсынымдар әзірлейді. Өңірлерде мал ұрлықтарының жолын кесу бойынша мамандандырылған жедел-іздестіру топтары құрылды. Қылмыстық кодекске мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін «Мал ұрлығы» жеке бабы енгізілді. Бірнеше рет жасағаны, сондай-ақ үй-жайларға (сарай, қора және т.б.) кіріп, ұрлық жасағаны үшін жаза қатаңдатылды.

Серіктес жаңалықтары