$ 542.03  627.29  6.66
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстандағы бэйби-бум. Батыс баспасөзі мектептердің жетіспеушілігіне назар аударды

Өткен аптада халықаралық БАҚ беттеріне шыққан тақырыптарға шолу

Қазақстандағы бэйби-бум. Батыс баспасөзі мектептердің жетіспеушілігіне назар аударды
Фото: eurasianet.org

Өткен аптада халықаралық баспасөз беттерінде Еуразиялық экономикалық одақтың болашағы туралы және Ресейдің Украинаға қарсы әскери агрессиясына салынған санкцияларға қатысты тақырыптар көтерілді. Сондай-ақ, Қазақстандағы COVID-19 кезіндегі бэйби-бум мен Қазақстан-Түркіменстанның жақын қарым-қатынасы назардан тыс қалмады. 

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БЭЙБИ-БУМ: 2025 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ МЕКТЕПТЕР ЖЕТІСПЕУІ МҮМКІН

COVID-19 карантині кезінде үйде отырған қазақстандықтар бала туумен айналысты. Пандемия артта қалса да, нәресте бумының төмендеуі байқалмайды, деп жазады eurasianet басылымы.

Сонымен қатар, Қазақстан билігі өсіп келе жатқан балалар армиясын жеткілікті мектеппен қамтамасыз ете алмай отыр.

«Қазақстандағы EnergyProm сараптамалық орталығының зерттеуіне сәйкес, бала туу санының күрт өсуі пандемия жылы болған. 2020 жылы шамамен 427 000 сәби дүниеге келді, бұл тенденцияны пандемиямен байланыстыру қиын. Бұл рекорд былтыр тағы да жаңарып, дүниеге 446 500-ге жуық жаңа қазақ келді. Бұл 2019 жылы тіркелген саннан 11 пайызға көп», деп тапты EnergyProm.

Ал бум әлі де толық күшінде. Осы жылы бірінші тоқсанында ғана 95 600-ге жуық сәбиге туу туралы куәлік берілді», деген басылым статистикаға назар аударады.

EnergyProm атап өткендей, балалардың көп тууы биліктен болашақтағы тұрғын үйге деген сұранысқа назар аударуды талап етеді.

Басылым билік ойлап тапқан шешімдердің бірі – «Бәйтерек» мемлекеттік холдингінің еншілес ұйымы «Отбасы банкі» жүзеге асырып жатқан «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасы екенін, 2021 жылы бағдарламаға шамамен 70 миллиард теңге (166 миллион доллар) бөлінгенін айтады. 

«Бағдарлама аз қамтылған және көп балалы отбасыларға және мүгедек балалардың ата-аналарына 2 пайыздан төмен пайыздық мөлшерлемемен ипотека алуға көмектесуге арналған. 

2021 жылы бала туудың бір жылдық күрт өсуі байқалғанымен, бұл үрдіс жалпы алғанда Қазақстан 2000-шы жылдардың басынан бері көрген жағдайға сәйкес келеді. Демография мамандары мұны тарихи факторлармен байланыстырады. Атап айтқанда, 1980 жылдардың аяғындағы нәресте бумы, бұл өз кезегінде соғыстан кейінгі онжылдықтарда байқалған халық санының өсуіне ықпал етті. Батыс Еуропа мен Жапонияға қарағанда бала туу көрсеткіші жоғары Қазақстан болашақ жұмысшылар мен салық төлеушілерді дайындайтын болар.

Демографиялық тенденция әлдеқашан айқын болғанымен, үкімет өсіп келе жатқан балалар санын қамтамасыз етуде әлі де тығырықта отыр», - деген мақала авторы елде мектептерде орын жетіспей жатқанын айтады.

Қазір аяқталып жатқан оқу жылының басында БАҚ елде мектептерде 225 000 орын жетіспейтінін хабарлады. Болжам бойынша, егер шұғыл шаралар, атап айтқанда, 800 жаңа мектеп құрылысы қабылданбаса, бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 1 миллионға дейін өсуі мүмкін. Ал әзірге толып жатқан мектептер балаларды ауысыммен оқыту арқылы күресіп жатыр. 

ҚАЗАҚСТАН-ТҮРКІМЕНСТАН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ ЕРЕКШЕ СЕРПІНДІ

Түркіменстан Қазақстанға ұқсас көп векторлы теңгерімді сыртқы саясатты ұстануды мақсат еткенімен, Ресейдің орны ерекше екені анық, деп жазды eurasianet басылымы.

Мақала авторы 19 мамырда Сенат спикері қызметін атқарып жүрген Бердімұхамедов 13-ші халықаралық Ресей-Ислам әлем экономикалық саммитіне қатысу үшін Ресейдің Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласына барғанын, Түркіменстанның бұрынғы көшбасшысы осы «әлсіздеу» шараның ең көрнекті қатысушысы болғанын айтады.

«20 мамырда Бердімұхамедов Ашхабадта Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярмен кездесті. Қазақстан-Түркіменстан қарым-қатынастары қазір ерекше серпінді болып келеді. «Түркіменстан энергетикалық ресурстары тапшы Қазақстан сынды жаңа табиғи газ сатып алушыны тапты. Әзірге көлемдер, мерзімдер немесе бағалар туралы толық ақпарат берілген жоқ.

Қазақстан Түркіменстанның Ауғанстанмен шекарасында астық сақтау терминалын салуға да мүдделі. Бұл қазақстандық бидай экспорттаушыларының коммерциялық және дипломатиялық пайдалы нарыққа оңай қол жеткізуін қамтамасыз ететін қондырғының құрылуын көретін керемет мүмкіндік.

Қазақстан-Түркіменстан өзегі ерекше, қазіргі уақытта Қазақстан Ресей арқылы өтетін көлік бағыттарына тәуелділігін жеңілдету жолдарын іздестіріп жатыр», - делінген мақалада.

Қазақстанның Сауда министрі Бақыт Сұлтановтың 23 мамырда Иран астанасы Тегеранға барып, онда ресми тұлғалармен сауда қарым-қатынастарын кеңейту және «екі ел арасындағы транзиттік әлеуетті арттыру» туралы сөйлескенін айта келе,  Түрікменстанның ынтымақтастығы маңызды екенін алға тартады. 

ҚАЗАҚСТАН ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТАН ШЫҒА МА?

Ресейге қарсы санкциялар салынғаннан кейін президент Владимир Путин Еуразиялық экономикалық одақтағы серіктестерінен қолдау іздеп отыр, алайда интеграциялық бірлестік мүшелері сақтық танытып отыр, деп жазды жапон басылым Nikkei Asia

27 мамырда Бішкекте ЕАЭО саммиті өтті. Қырғызстан астанасына келген жалғыз басшы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Саммитке Путин, Беларусь басшысы Александр Лукашенко және Армения премьер-министрі Никол Пашинян қашықтан қатысты.

Басылым авторы, журналист Пол Бартлетттің айтуынша, Мәскеу одақтастардың жария түрде қолдағанын қалайды. Бірақ Ресейдің Украинаға әскери басып кіруінен кейін ЕАЭО мүшелері Ресейге қарсы санкцияларға тап болып, Мәскеумен экономикалық және әскери байланыстарды сақтау дилеммасына тап болып отыр.

«Мәскеу саммитті Еуразиялық экономикалық одақ мүшелерін оны ашық қолдауға пайдалана алады», дейді АҚШ Сыртқы саясатты зерттеу институтының зерттеушісі Максимилиан Хесс.

Маманның айтуынша, енді одақтың өміршеңдігін анықтайтын шешуші сәт келді.

Хесстің айтуынша, Орталық Азияның екі мемлекеті – Қазақстан мен Қырғызстан саммиттің қандай да бір кедергісіз өтуін қалайды. Олар Мәскеуге қолдау көрсетуге тырысқанымен, екінші жағынан, Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесу әрекеті ретінде қарастырылуы мүмкін кез келген әрекетті болдырмауды да ойлайды.

Мақала авторы Нұр-Сұлтанның Донбасстағы сепаратистік құрылымдарды мойындаудан бас тартуы, Алматыда Украинаны қолдау үшін өткен шеру мен 9 мамырдағы әскери парадтың тоқтатылуы белгілі бір деңгейде Қазақстанның ұстанымын көрсетіп отырғанын айтады.

«Ресеймен шекаралас, халқының 18 пайызын этникалық орыстар құрайтын Қазақстан «солтүстіктегі агрессивті көршісін ашуландырудан қорқады». Бірақ оның кейбір әрекеттері Мәскеудің «ашуын тудырды», - деп жазады Бартлет. 

Сондай-ақ, Новороссийск портындағы жабдықтардың істен шығуы Ресейдің Орталық Азияға көрсетіп отырған қысымы деген автор қазақстандық мұнайдың басым бөлігі Ресей арқылы экспортталатынын еске салады. 

Бұл орайда Хесс басылымға берген сұхбатында одақ алдында тұрған түрлі мәселелер мен санкциялардың жағымсыз салдарына қарамастан, Қазақстанның жақын арада ЕАЭО-дан шығуы «екіталай» екенін жеткізді. 

Серіктес жаңалықтары