Қазақстанда қалааралық және халықаралық автобустарға билет электронды жүйе арқылы сатылатын болады
Қазір еліміздің бірнеше қаласы мен Моңғолия және Өзбекстанға мобильді қосымша арқылы билет алу енгізілді

Азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Нұр-Сұлтан қаласындағы автовокзал және Halyk Bank-пен бірлесіп жол жүру билеттерін Halyk Homebank мобильді қосымшасы арқылы сатып алу сервисін іске қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазір Halyk Travel қосымшасының «Автобустар» электронды сервисі азаматтар үшін қолжетімді. Аталған сервис жол жүру билеттерін алдын-ала брондау және сатып алу кезіндегі уақытты айтарлықтай үнемдейді. Алдағы уақытта сервис арқылы жолаушылар өздері мен жүктерін жағымсыз жайттар мен оқыс оқиғалардан сақтандыра алатын болады.
Бүгінде аталған мобильді қосымша арқылы Нұр-Сұлтаннан Державинск, Константиновка, Наумовка, Степногорск, Қызылорда, Тараз, Қарағанды, Алматы, Шымкент, Өскемен қалалары мен Моңғолия және Өзбекстан сынды көршілес елдерге жол жүру құжаттарын сатып алуға болады.