Елордада бір мың оқушы күй тартып, рекорд жасады
Бір мектептің мыңнан астам оқушысы ұлттық музыкалық аспапта бірге күй орындауы алғаш рет тіркелді

Бүгін Физика-математика зияткерлік мектебінде еліміздің еңбек сіңірген өнер қайраткері Айтжан Тоқтаған ең ауқымды домбыра сабағын өткізді. Оған ұстаздың 1032 оқушысы қатысқан. Келушілер балалардың орындауында «Сарыарқа», «Балбырауын», «Еркем-ай», «Кеңес», «Жастар биі» күйлерін тамашалай алды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Көрермендермен бірге бұл қойылымды Гиннесс рекордтар кітабының өкілдері де көрді. 25 стюард пен 2 байқаушы орындаушыларға онлайн форматта бақылау жүргізді. Гиннесс кітабының өкілдері домбырамен күй тартқан қатысушылардың ережені бұзу-бұзбауын қатаң қадағалап отырды.
«Біз Гиннесс кітабының өкілдеріне хат жаздық. Ол кісілер хатты қабылдады. Сосын сабақ ретінде өтсін деді. Жалпы осы ұлттық аспаптарда ойнаған ең көп қатысқан 250 деді. Біздің мектепте барлық бала домбырада ойнайтынын айттық. Залды таңдап, әрбір 50 баланы эксперт қадағалап отырды», - дейді «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының төрағасы Күләш Шәмшидинова.
Айта кетерлігі, бүгін бір мектептің мыңнан астам оқушысы ұлттық музыкалық аспапта бірге күй орындауы алғаш рет тіркелді.
Сол себепті бұл қазақстандық рекорд көрнекті жетістіктер мен бірегей құбылыстар туралы жаһандық анықтамалыққа енгізіледі. Қатысушыларға оны растайтын арнайы сертификат табысталады.