Павлодарда кішкентай қызды құтқарған оқушы «Бала жүрегі» медалімен марапатталды
Төртінші жыл қатарынан өткен байқау өзгелерге қол ұшын созған мейірбан жандарды анықтап келеді
Павлодар облысы Башмачное ауылынан шыққан кішкентай қаһарман «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы «Бала жүрегі» номинациясында жеңімпаз болып танылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодарлық 10 жасар Саян Рахманғұлов 2021 жылдың 30 сәуірінде ауылда жоғалып кеткен Аруана атты қызды тауып, құтқарып қалған. Баланы іздеуге шыққандардың ішінде Рахманғұловтар отбасының Асхат және оның ұлы Саян да болған еді.
Қоршаудың жанындағы су станциясында үлкен адамның тізесінен асатын кішкентай арық бар болатын. Балалар дәл сол жерден еш тіршілік белгісі жоқ көк күртешелі кішкентай қыз тауып алады.
Саян ойланбастан суға секіріп, баланы аяғынан ұстап, жағаға сүйреп шығарды. Содан кейін айқайлап, қолын бұлғап, бірнеше жүз метр қашықтықта жүрген әкесін шақырды. Бала қызға жасанды тыныс алуды және жанама жүрек массажын жасай бастады, осылайша қыз тірі қалады.
«Төртінші жыл қатарынан өткен байқау батылдығымен және қамқорлығымен өзгелерге қол ұшын созып, қуантқан мейірбан жандарды анықтап келеді. Дәстүрлі байқау адамгершілікті, мейірімділікті ұлықтайды. Жыл сайын өтіп жатқан бұл байқау еліміздің түкпір-түкпірінен 1000-нан астам қайырымды әрі батыл жандарды анықтайды. Былтыр байқауға 1033 өтінім келіп түсті», - деді байқау жеңімпаздарын марапаттау барысында Нұрсұлтан Назарбаев қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.