Елімізде бизнесті қазақ тілінде оқытатын MBA бағдарламасы ашылды

Azattyq Rýhy

Гарвард университетінде тағылымдамадан өткен оқытушылар сабақ береді

К.Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университеті (UIB) Damu Business Group кәсіпкерлер қауымдастығымен бірге Қазақстанда тұңғыш рет қазақ тілінде оқытатын MBA (Master of Business administration) бағдарламасының тұсауын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бағдарламаның мақсаты – бизнестегі көшбасшыларды дайындау және қазақ тілді іскерлік ортаны қалыптастыру.

Мақсат Халықтың айтуынша, сұраныс қазақ тілді MBA бағдарламаны қажет етіп отыр.

«Damu Business Group кәсіпкерлер қауымдастығынан «Неліктен біз кадрларды жүйелі түрде дайындамаймыз?» деген ұсыныс келіп түсті. Бізге алмағайып заманда кризисті басқарып, оған қарсы төтеп беретін, нақты ұтымды шешімдер ұсына алатын мықты менеджерлер керек. Олар қаржыны есептеп, бухгалтерлік есепті жүргізе алуы керек. Қызметкерлерді басқарып, команда құрып, көшбасшы болуы қажет. Осы талаптарды ескеріп, оқу бағдаралмасын әзірледік», – деді Мақсат Халық.

MBA риск-менеджмент, қаржыны басқару, бизнесті және инвестициялық жобаларды бағалау секілді негізгі пәндерді қамтиды. Гарвард университетінде тағылымдамадан өткен, Ұлыбританияның мықты оқу орындарында магистратура тәмамдап, бизнестің әдістемесін зерттеп келген оқытушылар сабақ береді.

MBA бағдарламасына түсемін деушілер екі емтихан тапсырады. Біріншісі – стандартты түрде ағылшын тілін меңгеру деңгейі, екіншісі – сұхбаттасу. Оқу ақысы бағдарлама түріне байланысты. Қазақ тілді МВА болған соң жеңілдік жасалуы мүмкін. Бұл бағдарламаға түсу үшін талапкердің бакалавр акедемиялық дәрежесі болуы шарт. Екіншіден кемінде 2 жылдық еңбек өтілі болуы керек. Ал Executive MBA бағдарламасына топ менеджерлер, кәсібі бар азаматтар қабылданады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.