$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Жолаушы өзіне ыңғайлы орын таңдау үшін билет құнының жартысын төлейді»: депутат әуекомпанияларды сынға алды

2020 жылдың қорытындысы бойынша 51 мыңға жуық рейстің 6735-і кешіктірілген

«Жолаушы өзіне ыңғайлы орын таңдау үшін билет құнының жартысын төлейді»: депутат әуекомпанияларды сынға алды
Фото ашық дереккөзден

Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев еліміздегі әуе компанияларының жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елдегі жағдайға байланысты енгізілген шектеу шаралары алынды. Қазір жұрт қалыпты өмірге оралып, жүк және жолаушылар тасымалы қайта жанданып, ұшақтардың ұшу жүйесі іске қосылды.

Пандемияның уақытында ұшу жиілігі кемінде 1,5 есеге азайғанын ескерсек, қазір еліміздегі ең ірі авиакомпанияларға (Air Astana, SCAT, Qazaq Air) тиесілі рейстердің жиілігі қайта қалпына келтірілді.

Дегенмен еліміздегі рейстердің кешігуі мен кешігу барысындағы көрсетілетін қызметтердің сапасына байланысты халық арасында наразылықтың бар екенін мойындауымыз қажет.

2020 жылдың қорытындысы бойынша 51 мыңға жуық рейстің 6735-і кешіктірілген, яғни шамамен әрбір сегізінші рейс кешігіп ұшқан. Ал 2021 жылы ұшқан 68,7 мың рейстің 12,8 мыңы кешіктіріліп, әрбір жүйелі рейстің бесіншісі уақытында ұшпағандығы анықталып отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында төменгі палата депутаты Елнұр Бейсенбаев айтты.

Депутат әдетте кешігу себебін ауа райының қолайсыздығымен байланыстыратын әуе компанияларын сынға алды.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша кешіккен 12,8 мың рейстің 9045-і борттың кешігіп келуіне байланысты болып отыр. Оның ішінде «SCAT», «Qazaq Air» әуекомпанияларының әрбір төртінші рейсі кешіктіріліп отыр. Ал ең қызығы ауа айының қолайсыздығына байланысты деген тармақ бойынша небәрі 912 рейс кешіккен. Өздеріңіз білетіндей, ішкі рейстердің жиілігін көбейту мен халықтың ұшақты пайдалану деңгейін арттыру мақсатында Үкімет тарапынан 2022 жылы 24 бағыттағы рейстерді субсидиялауға 5,9 млрд теңге қаржы бөлінгенін білесіздер. Ал оның ішінде 16 бағыт бойынша 5 млрд теңге «SCAT», «Qazaq Air» компанияларына бөлінетінін ескерсек, аталған компаниялардың қандай сапалы қызметіне осыншама қаржы бөлінуі тиіс?!», - деді депутат Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында.

Сонымен қатар Елнұр Бейсенбаев авиакомпанияның кінәсінен рейстерді кешіктіру немесе олардың болмауы кезінде ұсынылатын міндетті ыстық тамақ, қонақ үйге орналастыру, көлік трансферті сияқты қызметтердің сапасы төмен екендігін де ескерді.

Депутаттық сауалда әуекомпаниялардың онлайн тіркеу қызметіне қатысты да шағымдардың көп екендігі айтылды.

«Біріншіден, лоукостердегі тегін орындардың өзі автоматты түрде таңдалады. Екіншіден, жолаушы өзіне ыңғайлы орындар таңдайтын болса ақысы мынадай – Air Astana компаниясының эконом санаттағы ақылы орындары 15 мың теңгеге, ал лоукестер саналатын Fly Arystan компаниясында 6,5 мың теңгеге дейін жетеді. Ыңғайлылық үшін билет құнының жартысын төлеу қаншалықты әділетті?! Бұл ішкі рейстердегі ыңғайлы орынның құны, ал өзге елден ұшатын уақытта арнаулы орынның бағасы екі есеге артады. Мысалы Түркиядан Air Astana компаниясының ақылы орын қызметі 25 мың теңгені құрайды. Логика қайда?! Қорыта айтқанда, жыл өткен сайын қазақ әуеиндустриясының ахуалын еуропалық стандарттарға сай реттеуіміз қажет. Алдағы жаздың демалыс күндері елдің сапар байланысын уақытында, сапалы қамтамасыз ету үшін рейстердің кешігу жиілігін реттеуді қолға алу керек», - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары