Қазақстанда жылу энергетикасына жауап беретін арнайы ведомство құру керек – Мәжіліс депутаты
Александр Милютиннің айтуынша, көптеген ЖЭО-дағы негізгі және қосалқы жабдықтары әбден тозған
Қазақстанда көптеген ЖЭО, оның ішінде Степногорскідегі ЖЭО елу жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген. Жылу желілері мен жылу тұтыну жүйелерінің негізгі және қосалқы жабдықтарының тозуы шекті деңгейге жетті. Олар кез келген уақытта істен шығуы мүмкін. Осылай деген төменгі палата депутаты Александр Милютин Мәжілістің жалпы отырысында дабыл қақты.
Жылумен қамтамасыз ету жүйелеріндегі апат санының жыл сайынғы өсуі осыған себеп болып отыр.
Депутат мұны Қазақстанда жылу энергетикасы саласында бірыңғай саясат, сондай-ақ оны іске асыратын мемлекеттік органның жоқтығымен байланыстырды.
«ЖЭО үшін Энергетика министрлігі, қазандықтар үшін – жергілікті атқарушы органдар, жылу желілері үшін – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және жергілікті атқарушы органдар жауапты. Ал тарифтерді реттеу үшін – Ұлттық экономика министрлігі. Сонымен қатар, бұл органдардың құзыреттері нақты ажыратылмаған. Ведомстволардың осындай бытыраңқылығы және Жылу энергетикасы саласында бірыңғай саясаттың болмауы нәтижесінде ЖЭО-ның қазандықтары мен жабдықтарын уақтылы жаңарту, сондай-ақ жылу желілерінің тозған құбырлары мен сорғы жабдықтарын жоспарлы ауыстыру қамтамасыз етілмейді», - деді депутат.
Осылайша бірқатар проблемадарды тізіп шыққан Александр Милютин Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға бұл салаға талдау жасап, жылу энергетикасы саласындағы бірыңғай саясатты әзірлеу және оны іске асыруға жауапты ведомствоны құруды және ЖЭО-дағы қазандықтар мен жылу желілерінің жабдықтарын уақтылы жаңғыртуды көздейтін жоспарды әзірлеуді ұсынды.