Жұмыс берушілердің ұлттық конфедерациясында құрылымдық және кадрлық өзгерістер болды
Конфедерация президиумының жаңа төрағасы болып Жұмабек Жанықұлов сайланды
ҚР Жұмыс берушілері ұлттық конфедерациясы мүшелерінің кезектен тыс XII съезі өтті. Оған 23 қауымдастықтың басшылары (1500 компанияны қамту) мен 100-ден астам бизнес өкілдері қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жұмыс берушілер конфедерациясы 2000 жылы құрылып, содан бері Қазақстанда әлеуметтік әріптестікті ілгерілетуде, еңбек пен трипартизмнің жоғары стандарттарын енгізу мақсатында қызмет атқарып жатыр. Конфедерацияның жұмысын халықаралық қауымдастық жоғары бағалады, оның қатарында Конфедерацияның серіктесі саналатын БҰҰ Халықаралық еңбек ұйымы да бар.
«Конфедерацияны 22 жыл бойы басқарып келген ҚР Премьер-министрінің экс орынбасары Байкенов Қадыр Қарқабатұлы бүгінгі Съезде өз өкілеттігін тоқтататыны туралы хабарлады. Конфедерация президиумының жаңа төрағасы болып қазақстандық кәсіпкер, ірі өнеркәсіптік және әлеуметтік жобалардың негізін қалаушы Жанықұлов Жұмабек Есілбекұлы сайланды. Жаңа төраға Конфедерацияның стратегиялық бағыттарын, орта мерзімді және ұзақ мерзімді жұмыс жоспарларын белгілеп, бірқатар құрылымдық және кадрлық өзгерістер енгізді», - делінген конфедерацияның баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар, Конфедерацияның басты миссиясы – әлеуметтік және экономикалық бағытта жұмыс берушілердің мүдделерін қорғау болып белгіленді.
Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін Президиумның жаңа құрамы құрылды, оған келесі мүшелер кірді:
Қанат Баитов – Құнды металдарды өндірушілер ассоциациясының Бас директорының орынбасары, ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің бұрынғы төрағасы;
Войцех Халат – HeidelbergCement трансұлттық компаниясының Орталық Азия бойынша бас директоры;
Чинара Бугимбаева – «Қағанат» қоғамдық тамақтану желісінің негізін қалаушы және иесі;
Сырымбек Тау - Кәсіпкер-меценат, «Daco Motors Kazakhstan» ЖШС компанисының және бірқатар әлеуметтік жобалардың негізін қалаушы;
Абай Шайкенов – «Dentons» халықаралық заң компаниясының басқарушы серіктесі;
Айдос Абиханов – Конфедерация дирекциясының бас директоры.
«Мықты және тәуелсіз әлеуметтік - экономикалық институттарсыз, тұрақты экономикасы бар жетілген Мемлекетті қалыптастыру мүмкін емес. «PARYZ» Конфедерациясының атауына сәйкес, балаларымызға лайықты болашақты қамтамасыз ету, әрбір адам өзін-өзі жүзеге асыра алатын кемел мемлекетті мұраға қалдыру – баршамыздың ортақ парызымыз», - деді «PARYZ» Президиумының жаңадан сайланған төрағасы Жұмабек Жанықұлов.