«Сергектің» жаңа функциясы: бір тәулікте жүргізушілерге 12 млн теңге айыппұл салынды
1992 жылы туған А. есімді азамат жол ережесін 92 рет бұзған
«Сергек» жүйесінде жаңа функция пайда болды. Енді «Қорғау Сергек» бағдарламасы арқылы жалған нөмірі бар автокөліктер анықталатын болады. Бұл туралы Azattyq Rýhy Алматы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Жалған мемлекеттік нөмірді пайдаланатын, арнайы сигнал беру құрылғыларын орнататын көлік құралдарының жүргізушілерін, сондай-ақ мас күйінде көлік жүргізетін адамдарды жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүріп жатыр», - деп хабарлады полиция.
Өткен тәулікте «Қорғау Сергек» кешені қала жолдарында жалған нөмір пайдаланған 11 автокөлік жүргізушісін анықтады. Соңғы тәулікте олар жалпы сомасы 12 миллион 680 теңге болатын 790 құқық бұзушылыққа жол беріпті.
«Аталған автокөліктер ұсталып, арнайы айыппұл тұрағына қамалды», - деді Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Манап Саттаров.
Соның ішінде 1992 жылы туған А. есімді азаматқа айыппұл салынды. Бір күн бұрын ол жол ережесін 92 рет бұзған. Айыппұл сомасы 1 миллион 541 мың теңгені құрады.
«Қорғау Сергек» жүйесі пилоттық режимде 2021 жылдың қараша айынан бастап қолданысқа енгізілді. Жыл басынан бері жалған мемлекеттік нөмір қолданған (ҚР ӘҚБК 590-бабының 3 және 4-бөліктері) 171 жүргізуші ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал көліктері айыппұл тұрағына орналастырылды.
Бұдан бөлек, өткен тәулік ішінде арнайы жарық-дыбыс және дауыс зорайтқыш сигналдарды заңсыз пайдаланған екі көліктің жүргізушісі ұсталды. Сол сияқты 7 мас жүргізуші анықталды», - деп түйіндеді полковник Саттаров.