Путин: Жер дауын шешпей, ешқандай келісімге қол қоймаймыз

Azattyq Rýhy

БҰҰ басшысы Антониу Гутерриш Ресей президентімен кездесті

Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Мәскеуде Ресей президентімен кездесу өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Антониу Гутерриш Украинаның Мариуполь қаласындағы «Азовсталь» зауытында қоршауда қалған бейбіт тұрғындарға кетуге қолайлы жағдай жасауды сұрады. Ол эвакуацияны «Қызыл Крест» халықаралық ұйымымен бірлесіп іске асыруды ұсынды.

«Мен бұл өкпе-ренішті түсінемін, бірақ мұндай өкпе-реніш Біріккен Ұлттар Ұйымы жарғысының әртүрлі құралдары арқылы шешілуі тиіс. Бір нәрсе анық, қандай да бір елдің жер тұтастығын бұзу – Біріккен Ұлттар Ұйымы жарғысына мүлде сәйкес келмейді. «Азовсталь» зауытында қамалып қалған адамдардың біразы Ресейге, бірқатары Украина билігінің бақылауындағы жерге барғысы келеді. «Қызыл Крест» халықаралық ұйымымен бірлесіп, барлық ресурсты жұмылдырып, 2 елдің билігімен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, қоршаудағы адамдардың кетуіне мүмкіндік жасалса жақсы болар еді», - деді БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш.

Владимир Путин Қырым түбегі мен Донбасста өзін-өзі жариялаған халық республикарына қатысты жер дауын шешпей, ешқандай келісімге қол қойылмайтынын жеткізді. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы Кремль басшысы Гутерриштің Мариупольдегі бейбіт тұрғындарды көшіру туралы ұсынысын қабылдады деп мәлімдеді.

«Біз Қырым, Севастополь және Донбасс республикаларына қатысты аумақтық мәселелер шешілмей, қауіпсіздік кепілдігі туралы келісімге қол қоя алмаймыз. Бірақ сонда да келіссөздер онлайн түрде жалғасып жатыр. Нәтижесі оң болады деп сенемін. Мариупольдегі жағдайға келсек, Украина билігі онда бейбіт тұрғындар бар дейді. Олай болса, украин әскері адамдардың кетуіне мүмкіндік берсін де. Әйтпесе олардың қазіргі ісі Сириядағы бейбіт халықты қалқан қылған «ДАИШ» содырлары сияқты», - деді РФ президенті Владимир Путин.
 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.