«AMANAT» фракциясының мүшелері өңірдегі көшпелі жұмысын қорытындылады
Барлығы 2,5 мыңнан астам өтініш қаралып, олардың 321-і бірден оң шешімін тапты
Парламенттің заң шығару қызметін түсіндіру бойынша өңірлердегі көшпелі жұмыс аясында депутаттар «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері 766 елдімекенде болып, 1 200-ден астам кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түсіндіру жұмыстарынан басқа, депутаттар жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп азаматтарды жеке қабылдады. Барлығы 2,5 мыңнан астам өтініш қаралып, олардың 321-і бірден оң шешімін тапты. Жалпы, кездесу қорытындысы бойынша 1 209 түйінді мәселе анықталды. Азаматтардың шағымдары мен өтініштерінің көпшілігі әлеуметтік салаға, атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және еңбекті қорғау мәселелеріне қатысты болды.
«Мысалы, шалғай ауылдардың тұрғындары «Медициналық пойыз» жобасын қайтару туралы өтініштерін білдірді. Алдын ала немесе күрделі тексеруден өту үшін ауыл тұрғындары аудан орталығына баруы қажет. Алыс қашықтыққа, жолдардың сапасы мен азаматтардың мүмкіндіктеріне байланысты әркім аудан орталығына бара алмайды. Депутаттар бұл бағытта Үкіметпен бірлесіп жұмыс атқарды. Енді 2022 жылдың мамыр айында медициналық пойыз іске қосылады», - деді Екатерина Смышляева.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, халық тарапынан келіп түскен қордаланған мәселенің ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері, жем-жөп, дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар мен ауылшаруашылық техникасына қатысты бағаның өсіп жатқаны айтылды.
«Бізге оқулықтардың авторлары, мектеп ұжымдары мен ата-аналар мектептердегі оқу әдебиетінің сапасына қатысты өтініш жасады. Таңдау мүмкіндігі туралы айтылғанымен, бірақ заңнамалық тетік болмады. Депутаттар тиісті заңға түзетулер енгізді, ол қазір Сенаттың қарауында. Сонымен қатар, апатты және үш ауысымды мектептерді күрделі жөндеуден өткізу мәселесі де көтерілді. Үшіншіден, республиканың барлық өңірлерінде халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Төртіншіден, ауылшаруашылығындағы субсидия, жайылымды жерлердің бөлінуі мәселесі бұған қоса, шалғай ауылда маман жетіспеушілігі мәселесі әсіресе дәрігер, мұғалім, агроөнеркәсіп саласының мамандары тапшы екені анықталып отыр. Бұл тізімге спорт кешендерін салу, мәдениет үйлерін қалпына келтіру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауылдарда интернет сапасын жақсату, автокөлік жолдарын жөндеу және қоғамдық көлік желісін дамыту бойынша мәселелер жиі көтеріледі», - дейді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуынша, өңірлерге барғанда ауыл мен қала арасындағы білім сапасының айтарлықтай алшақтығын көруге болады. Әсіресе Маңғыстау және Атырау, Түркістан, Жамбыл облыстарындағы оқушылардың білім сапасы басқа облыстармен салыстырғанда төмен.
Мәжіліс депутаты Берік Оспановтың айтуынша, күні кеше қабылданған бюджет туралы заңда халықтың табысын арттыруға қосымша 40 млн теңге қарастырылған.
«Еңбек» бағдарламасы аясында қосымша 8 мың адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Тағы қосымша, ауыл шаруашылығына арналған жаңа жобаларды іске асыру көзделген. Бұл өз кезегінде халықтың табысын арттыру мен қатар, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешуге оң ықпал етеді. Бұған қоса, азық-түлікпен қамтамасыз ету және елдегі бағаны тұрақтандыру мақсатында Үкімет алдағы 5 жылға 4,5 трлн теңге қарастырып отыр», - дейді Берік Оспанов.
Сондай-ақ ауыл тұрғындары депутаттарға ауыз су мәселесіне қатысты да сұрақтар қойған.
«Әрбір ауылға барып, талдау жүргіздік. Фракция депутаттарының ұсыныстарына сәйкес, сумен жабдықтау нысандарының тізбесіне Министрлік 82 жаңа жобаны қосты. Халықты аралау кезінде бізге келіп түскен өтініштердің ішінде 30%-ы заң саласына қатысты болды. Халықтың заңнама тұрғыдан сауаттылығы және кейбір басы ашылмаған мәселені көтеруі өте орынды деп есептеймін. Кездесу кезінде тұрғындар тұрғын үй, құрылыс және әлеуметтік заңнамаларға қатысты өз ұсыныстарын білдірді», - деді Альберт Рау.
Барлық сұрақтар арнайы талдау хатқа жинақталып, Үкіметке жіберілді.