$ 518.07  595.21  6.37
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Павлодарда өртенген мектеп қысқа мерзімде қалпына келтірілмек

Қазір келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр

Павлодарда өртенген мектеп қысқа мерзімде қалпына келтірілмек
Фото: Валерий Бугаев

Павлодар қаласында өрттен зардап шеккен мектепті қысқа мерзімде қалпына келтіріледі. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың шұғыл отырысында осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңір басшысы өрт туралы хабар түскеннен кейін бірден оқиға орнына шығып, өрт сөндіру жұмыстарының барысымен танысты. Бұдан кейін Әбілқайыр Сқақов облыс әкімдігінде жауапты органдардың басшыларының есептерін тыңдады.

Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев №28 мектептегі өрт туралы хабарлама сағат 8:04-те келіп түскенін және өрттің сағат 10:15-те сөндірілгенін хабарлады.

Жасұлан Жұмашевтің айтуынша, өрттің алдын ала себебі физика кабинетіндегі қысқа тұйықталу болуы мүмкін. Қазір келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр. 

Әбілқайыр Сқақов зардап шеккен мұғалімнің жағдайын сұрады. Анықталғандай, қатты стресс алған физика пәнінің мұғалімі зардап шеккен. Кейін ауруханаға жатқызу кезінде мұғалімнің орта дәрежеде көміртек тотығымен уланғаны анықталды.

Облыс әкімі ұстазға барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

Өңір басшысы ең қысқа мерзім ішінде дәстүрлі форматта оқу процесін қайта бастау мәселесін шешуді талап етті.

Сондай-ақ Әбілқайыр Сқақов Павлодар қаласының әкіміне мектеп шатырын тез және сапалы қалпына келтіруді тапсырды. Ол үшін облыс әкімінің резервінен қаражат бөлінеді.

Төтенше жағдай департаментіне өңірдің барлық әлеуметтік нысандарына жоспардан тыс тексеру жүргізу міндеті қойылды. 

Сонымен қатар, өңір басшысы мектеп құрылысы мен жөндеу жұмыстарын қабылдау тәртібін өзгертуді тапсырды. Атап айтқанда, мектептерде шатырды, электр сымдарын және өрт қауіпсіздігін қабылдауды жалпы жөндеу жұмыстарынан бөлу, сондай-ақ, энергияны көп қажет ететін кабинеттер мен үй-жайларда кернеу тұрақтандырғыштарының болуын тексеру ұсынылады.   

«Өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымы мен қызметкерлердің іс-қимылдарын нақты түсіну керек. Мектептерде түрлі заттар жинақталмау үшін сенбіліктер өткізіп, оқыс жағдайлар кезінде кедергі келтіруі мүмкін  артық заттарды, құрылыс материалдарын жинау керек», - деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов.  

Отырыс соңында облыс әкімі өңір мектептерінің барлық персоналын өрт қауіпсіздігі ережелеріне оқытуды тапсырды. 

Серіктес жаңалықтары