Ұлытаулық жиһанкез қария еліміздің 18 қаласын жаяу аралап шықпақ
Ақсақал шағын арбасын сүйреп, күніне 40-50 шақырымды басып өтіп келе жатырмын дейді
72 жастағы жиһанкез Сәрсенбай Қотырашов 800 шақырымнан астам жолды артқа тастап, Түркістан облысына жақындады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ол қараша айына дейін Қазақстанның 18 қаласын жаяу аралап шықпақшы. Марафоншы жүрген жерінде Ұлытау тарихын таныстыра отырып, әр өңірдегі қолөнер шеберлері туралы тың деректерді де жинақтауды мақсат еткен. Осылайша, Қазақстанның үздік қолөнершілерінің тізімін жасап шығуды қолға алыпты. Сонымен қатар «Көкмайса» ұлттық қымыз мерекесін насихаттай отырып, қайта жандандыруды көздейді.
Еңбек ардагері мұндай ұзақ марафонға алғаш рет шыққанын айтады. Сәрсенбай Қотырашов Ұлытаудан 31 наурызда шықты. Жезқазған мен Қызылорданың арасындағы жол өте ауыр соғыпты. Керек-жарақ салынған шағын арбасын сүйреп, күніне 40-50 шақырымды басып өтіп келе жатырмын дейді ақсақал.
«Ұлытау қорық мұражайында 10 жыл жұмыс істедім. Сонда шетелдің ғалымдарымен, өзіміздің ғалымдармен бірлесіп археологиялық қазба жұмыстарына қатыстым. Ұлытаудың тарихын мен содан білемін. Ққай жерге тоқтағанымды, қан қысымымды, дене қызуымды, бәрін Астанадан бақылап, көріп отырады», - дейді еңбек ардагері Сәрсенбай Қотырашов.