Мұз қатқан: Нұр-Сұлтан әуежайында 32 рейс кешіктірілді
15 рейс астанадағы ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегерілді
Қолайсыз ауа райына байланысты Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайында 32 рейс кешіктірілуде, деп хабарлайды Azattyq rýhy әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
17 рейс басқа қалалардан ұшақтардың кешігіп жетуіне және сол өңірлердің әуежайындағы қолайсыз метеожағдайға байланысты кешіккен. «Air Astana» әуе компаниясының 9 рейсі (олардың ішінде Омбы, Ташкент, Мәскеу мен Киев қалаларына бағытталған халықаралық бағыт), «Qazaq Air» компаниясының Алматы және Қостанай қалаларына 2 рейсі, «Fly Arystan» әуе компаниясының Павлодар және Қостанайға 3 рейсі, «SCAT» әуе компаниясының Ұлан-Батыр, Алматы және Ақтөбе қалаларына бағытталған 3 рейсі, «LOT Polish» әуе компаниясының Варшаваға бағытталған 1 рейсі уақытылы ұша алмаған.
Ал 15 рейс Нұр-Сұлтанның өзінің әуежайындағы ауа-райына, нақтырақ айтқанда 20 м/секундтпен соғып тұрған күшті желдің әсерінен кешігіп жатыр. Олар – «Air Astana» әуе компаниясының Ташкент пен Мәскеуге ұшатын 7 рейсі, «Qazaq Air» компаниясының Ақтөбе, Қостанай қалаларына бағытталған 2 рейсі, «Fly Arystan» лоукостерінің 2 рейсі, «SCAT» компаниясының 1 рейсі. Сонымен бірге «LOT Polish» Варшаваға, «Lufthansa» Франкфуртқа, «Turkish Airlines» Стамбулға уақытылы жете алмайды.
Хабарламада қатты желге байланысты ұшақтарды мұз қатуға қарсы сұйықтықпен тазалауға рұқсат жоқ екендігі де айтылған.