Өзін полицейлерге «Антикор» қызметкерімін деп таныстырған мас шенеунік жұмысынан қуылды
Шендіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды
Қостанай облысында әкімдік жанындағы Әдеп жөніндегі кеңес мас күйінде рөлге отырып, полицияға өзін "Антикор" қызметкері ретінде таныстырған Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасарына қатысты істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кеңес отырысында келтірілген мәліметтерге сәйкес, 5 наурызда рейд кезінде полиция қызметкерлері қызметтік көлікті тоқтатқан, оның рөлінде Қостанай облысының энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Шыңғыс Кенжалы болған.
«Мемлекеттік қызметкер құжаттарының жанында жоқтығын айтып, өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкері ретінде таныстырады. Бұдан кейін медициналық куәландыру кезінде жүргізушінің жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталды», - делінген ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті таратқан мәлімдемеде.
Осыған байланысты 7 сәуірде полиция басқармасы оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырып, істі сотқа жолдады.
«Мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылығы үшін Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Шыңғыс Кенжалыны қызметінен босату туралы ұсынысты бірауыздан қолдап, дауыс берді», - делінген департамент хабарламасында.