«Астанаэнергосбыт» төлемдерді негізсіз өсірген – комитет

Azattyq Rýhy

6 млн теңгеден жоғары мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін

«Астанаэнергосбыт» төлемдерді негізсіз өсірген – комитет
Фото: yandex.kz

Астаналық тұтынушылардың өтініштері негізінде ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аумақтық департаментпен бірігіп, «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ға қатысты электрмен жабдықтау қызметтері үшін төлемге көтеріңкі шоттарды қоюдың негізділігі тұрғысынан жоспардан тыс тексеру өткізді. Бұл туралы Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сай «Астанаэнергосбыт» ЖШС бағаларды мемлекеттік реттеу, оның ішінде баға белгілеу тәртібін сақтау жөніндегі міндет қолданылатын қоғамдық маңызы бар нарықтың субъектісі болып саналады.

Осылайша, «Астанаэнергосбыт» ЖШС әрекеттерін тексеру қорытындылары бойынша электр энергиясын тұтыну көлеміне байланысты тарифтерді саралау кезінде төлем сомаларын есептеу тәртібін бұзушылықтар анықталды, бұл тұтынушыларға төлемге қойылған негізсіз жоғары сомаларға алып келді.

Тексеру барысында жүгінген 56 тұтынушының 32-сіне 129 мың теңге мөлшерінде негізсіз сома қойылғаны анықталды. Мысалы, тұтынушылардың бірі бойынша төрт айда артық төлемнің жалпы сомасы 17 мың теңгені құрады (Нұр-Сұлтан қаласының тұтынушылардың кВт/сағ үшін 4,5 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы орташа төлем кезінде).

Осыған байланысты, «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 167-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды, оған сәйкес 2000 АЕК немесе 6 млн теңгеден жоғары мөлшерде айыппұл көзделген.

Одан бөлек, «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ның атына электр энергиясын төлеу сомасы заңсыз есептелген елорданың барлық тұтынушыларына төлем сомасын қайта есептеуді жүргізу арқылы жол берілген бұзушылықтарды міндетті түрде жою туралы нұсқама енгізілді.

Сонымен қатар, тұтынушылар ұсынылған шоттардың негізсіз артық көтерілгенін анықтаған жағдайда, қайта есептеу жүргізу үшін «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ның атына жүгінуге құқылы.

«Астанаэнергосбыт» ЖШС-ның тарапынан қайта есептеуден негізсіз бас тартқан жағдайда, тұтынушылар Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментіне жүгінуіне болады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.