Қазақстан тарихы пәнін оқытуда қандай өзгерістер болады
Асхат Аймағамбетов тарихшылардың қандай ұсыныстар айтқанын жеткізді
Петропавлда 300-ден астам тарих пәнінің мұғалімі, тарихшы, әдіскер, ғылыми-зерттеу институттары мен бірқатар жоғары оқу орнының басшылары бас қосқан съезд өтті. Тарих пәні мұғалімдерінің жиынында бірқатар ұсыныс айтылды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-парақшасында жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Съезге қатысушылар үлгілік оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнын жетілдіру, сонымен бірге оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау, жоғары оқу орындарында тарих пәні мұғалімдерін даярлау және мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселелерін жан-жақты және ашық талқылады», - деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Министр сондай-ақ ол тарихшылар қандай ұсыныстар жасағанын айтты.
«5-сыныпта Қазақстан тарихынан бұрын мектеп бағдарламасында болған және осы жастағы оқушылардың түсінігіне қолжетімді тақырыптарды қайтару;
- «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндерінің оқу бағдарламасы мазмұнын жаңарту. Қазір Қазақстан тарихының негізгі курсы 9-сыныпта аяқталса, 10-11-сыныпта негізінен проблемалық сұрақтар оқытылады. Осыған байланысты мұғалімдер мен ғалымдар 6-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихты толыққанды зерттеуді ұсынды;
— Материалды сынып бойынша бөлуді өзгерту. Мысалы, 6-сыныпты алып қарайық. 2016 жылдан бері бір ғана 6-сыныптың бағдарламасы 12 ғасырға жуық уақытты қамтыды.
Айта кетейін, VI ғасырдан XVIII ғасырдың басына дейін өте маңызды тарихи кезеңдер болды.
Ұлы дала тарихының бұл маңызды кезеңі түркі мемлекеттерінің, Алтын Орда мемлекетінің және Қазақ хандығының дәуірін қамтиды», - деп жазды А. Аймағамбетов.
БҒМ басшысы аталған тақырыптарды бір сынып емес, материалды толыққанды меңгеруді қамтамасыз ету үшін оқу бағдарламасын екі сынып бойынша бөлу ұсынылғанына тоқталды.
«Мен бұл ұсыныстың барлығын орынды деп санаймын. Олар бағдарламаларды жаңарту жөніндегі сарапшылар тобында қосымша қаралады», - деді министр.
Сонымен съезде нақты қабылданған шешімдер мыналар:
- Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы оқулықтары енді еліміздің барлық мектебі үшін бірыңғай және базалық болады.
- Жоғары оқу орындарында қазіргі «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының» орнына «Қазақстан тарихы» пәні оқытылады, яғни бағдарлама тарихтың басқа да кезеңдерін, дәлірек айтқанда, ежелгі, орта ғасырлар және жаңа заманды қамтиды.
- Енді ғылыми бағытта білім алған тарихшылар қайта даярлау курстарынан өтіп, кейін мектепте сабақ бере алады.
- Бағалау бойынша өзгерістер енгізіледі. Қорытынды аттестаттау бұрынғыдай жазбаша ғана емес, ауызша және жазбаша түрде өткізіледі. Жиынтық бағалау мұғалімнің қалауы бойынша ауызша немесе жазбаша түрде жүргізілуі мүмкін.
- Петропавлда Ә. Марғұлан атындағы Археология институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты сияқты ҒЗИ филиалдары ашылып жатыр. Бұл институттарда ауқымды археологиялық зерттеулер ұйымдастырылады.