80 жастағы қазақстандық спортшы Кейптаун марафонын бағындырды

Салтанат Түйтебаев 42,2 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті

80 жастағы қазақстандық спортшы Кейптаун марафонын бағындырды
Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында өткен халықаралық марафонда қазақстандық спорт ардагері Салтанат Түйтебаев ерекше ерлік көрсетті. Сексеннің сеңгіріне шыққан отандасымыз алыс қашықтықты сәтті бағындырып, елге оралды. Елорда әуежайында спортшыны Туризм және спорт министрлігі мен жанкүйерлері салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елордалық желаяқ жарыс жолында күтпеген жерден жарақат алып қалған. Соған қарамастан, ол намысқа тырысып, 42,2 шақырымдық толық марафон қашықтығын соңына дейін жүгіріп өтті. Министрлік өкілдері қарт марафоншының бұл қадамын төзімділік пен спортқа деген адалдықтың жарқын үлгісі деп бағалады.

«Салтанат Түйтебаев – белсенді өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға зор үлес қосып жүрген тұлға», — деп атап өтті министрлік өкілдері.

Бұл ақсақалдың алғашқы жеңісі емес. Спорт ардагері бұған дейін де халықаралық ірі жарыстарда топ жарған. 2021 жылы 75–79 жас санатында күміс жүлдегер атанса, 2025 жылы Нью-Йорк марафонында 80–89 жас аралығында чемпион атанып, қашықтықты 4 сағат 45 минутта жүгіріп өткен.