Теміртау қаласының электр станцияларына технологиялық аудит жүргізілді
Келесі жылы мұндағы ЖЭО-2-де жетінші қазанның құрылысы аяқталады
ҚР Энергетика министрлігі бүкіл ел бойынша электр станцияларына ауқымды технологиялық аудит жүргізеді, хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Энергетика вице-министрі бастаған ҚР Энергетика министрлігінің өкілдері Теміртау қаласындағы ЖЭО-2, «АрселорМиталлТемиртау» АҚ ЖЭО-БАҮС және «Bassel Group LLS» ЖШС ГРЭС-1 электр станцияларына барды.
«Электр станцияларын аралау кезінде ағымдағы жылыту маусымының өзекті мәселелері және алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша жоспарлар қаралды. Электр станцияларының басшылары энергия жабдықтарын жаңғырту және жаңарту бойынша алдағы жоспарлар туралы айтып, ЖЭО-2-де жетінші қазанның құрылысы және ЖЭО- БАҮС-да №1 қазанды реконструкциялау бойынша ағымдағы жұмыстар туралы хабардар етті», делінген салалық министрліктің хабарламасында.
Айта кетейік, ЖЭО-2-де жетінші қазанның құрылысын 2023 жылдың күзінде аяқтау жоспарланған, бұл жобаны іске асыру алдағы уақытта электр станциясының қуатын арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ведомство өкілдері ЖЭО-БАҮС-дағы жаңа түтін мұржасының салыну барысын тексерді. Салынып жатқан құбырдың жалпы биіктігі 150 метр, бүгінде 75 метр салынды. Құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталды, жаңа құбырдың құрылысын осы жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарланған.
Кәсіпорын мамандарының айтуынша, жаңа құбырды пайдалануға беру жұмыс істеп тұрған құбырға жүктемені азайтуға, құбырға жоспарлы тексеру мен қолданыстағы түтін құбырына күрделі жөндеу жүргізуге мүмкіндік береді.
Министрлік өкілдері «КазЭнергоМаш корпорациясы» ЖШС зауытында болып, онда Петропавл ЖЭО-2 қазандарына күрделі жөндеу жүргізу үшін қажетті қосалқы бөлшектерді дайындауға бағытталған жұмыстардың орындалу барысымен танысты.