Елімізде тегін дәрілердің саны көбейді – «СК-Фармация»
«СК-Фармация» отандық тауар өндірушілерден 53,7 млрд теңгеге дәрінің 575 түрін алады
Қазақстанда міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру аясында тегін ұсынылатын дәрілер мен құралдар саны 1385-ке дейін толықты. Бұл туралы бүгін Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отырысына келген «СК-Фармация» компаниясы басшысының міндетін атқарушы Берік Шәріп айтты.
«Жоспар бойынша 2020 жылы бірыңғай дистрибьютор жүйесінде дәрінің 1331 түрі болған. Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру аясындағы бұйрыққа сәйкес дәрілер мен медициналық құралдар саны 1385-ке дейін толықты», - деді Б.Шәріп.
Осы тізімнің аясында медициналық ұйымдар тарапынан 259,1 млрд теңгенің тауарына тапсырыс түскен.
«Бұл тапсырыстармен біз тауардың 99%-ын сатып алып қойдық. Отандық тауар өндірушілерден 53,7 млрд теңгеге дәрінің 575 түрін алатын болдық. Тікелей келісімшарт бойынша 74,1 млрд теңгеге 171 түрлі дәрі алдық. Ал халықаралық ұйымдарға 15 түрлі дәріге тапсырыс бердік. Тағы да 7,1 млрд теңгеге 7 түрлі дәрі сатып алу процесі жүріп жатыр», - деді компания басшысы.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан