ШұғылЖелтоқсан-қаңтар айларында Қазақстанда карантин күшейтілуі мүмкін

«Ай сайын 1 млн теңге»: шығынға батқан СҚО кәсіпкерлері сараланған тарифті қайтаруды талап етті

 Кәсіпкерлер электр қуаты құнының артуы тауар бағасының өсуіне алып келеді дегенді алға тартуда

Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері тәулік зоналары бойынша сараланған тарифті қайтаруды талап етті. Бизнес өкілдері бұл мәселені мәжіліс депутаттарымен өткен кездесуде көтерді. Тиімді тариф алынып тасталғалы кейбір кәсіпорындардың шығыны еселеп артқан көрінеді. Бұл бірінші кезекте тұтынушылардың қалтасын қағары анық, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Электр қуатына тәуліктік зона бойынша сараланған тариф енгізілгенде «Молочный союз» серіктестігі өндірісті жаңашылдыққа бейімдеп, үнемдеудің тетіктерін пайдалануды ұйымдастыру үшін жарты жыл уақыт жұмсапты. Сүт зауытына жаңа қондырғылар сатып алып, қайтадан жұмыс кестесін құрған. Алайда, кәсіпорын басшылығының қуанышы ұзаққа бармаған. 2017 жылы сараланған тариф алынып тасталды. Одан кейін де Солтүстік Қазақстан облысында электр қуатының құны бірнеше рет көтеріліп үлгерген. Бүгінгі күні «Молочный союздың» ай сайын электр қуаты үшін төлейтін ақысы 1 миллион теңгеге дейін көбейген.

«Электр қуатын түнгі уақытта пайдалануға жағдай жасау керек»

«Біз ҚР Премьер-министріне сараланған тарифтерді қайтару жөнінде өтініш жолдадық. Арызымыз энергетика министрлігіне жіберілді. Бізге берілген ақпарат бойынша түнгі уақытта электр қуатын пайдалану 0,5 пайызға артқан. Шығын көлемі 5 миллиард теңгеден асып кеткен. Егер энергия тасымалдаушы үшін қуатты пайдалану көлемі жарты пайызға ғана артса, миллиардтаған шығын қайдан келіп жатыр. Біз соны түсіне алмай отырмыз. Министрлік түнгі тариф өзіндік құнынан арзан болғанын алға тартып отыр. Ол шығын бағасы жоғары кешкі тариф есебінен артығымен өтеледі. Тәулік зоналары бойынша сараланған тарифті қайтаруды сұраймыз. Бізде одан басқа бағасы арзан балама жоқ», - дейді Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі Александр Казанцев.

Бизнесмен тұтынушылардың электр қуатын түнгі уақытта пайдалануына жағдай жасалу керек деген пікірде. Себебі ол орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің коммуналдық шығынын азайтып, дамуға мүмкіндік беретінін айтады. Ол бұл мәселені жүйелі түрде көтеріп жүрген азаматтардың бірі. Алайда әзірге еш нәтиже жоқ.

«Шығын көлемі 5 пайызға артты»

Тәуліктік зоналар бойынша сараланған тариф алынып тасталғалы шығыны көбейгендердің тағы бірі - «ViZaVi Company» серіктестігі.  Компания кондитерлік өнімдер шығарумен айналысады. 2004 жылы 3 қызметкер жұмыс істеген ұжымда қазір 180 адам еңбек етеді. Цехтың 20 шаршы метрді құраған ғимараты 1200 шаршы метрге дейін кеңейген. «ViZaVi Company» өнімдері еліміздің Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Жезқазған, Өскемен сынды қалалары мен Ресей Федерациясының Түмен, Омбы, Қорған, Уфа, Новосібір, Краснодар облысы сынды тағы басқа өңірлеріне жөнелтіледі. Компания басшылығы өз өнімдерінің көршілес мемлекетте сұранысқа ие екендігін айтады. 80-нен астам өнім атауын шығаратын ұжым тұтынушысын қуанту үшін таң сәріден бастап түнде де жұмыс істейді.

«Түнде электр қуатының аз жұмсалатыны заңды. Сәйкесінше бұл уақытта оның бағасы төмен болатын. Соңғы жылдары кәсіпорында белгілі жұмыс кестесі құрылды. Тәуліктік зоналар бойынша сараланған тарифті есепке ала отырып, түнгі ауысымда жұмыс істейтін мамандар кондитерлік өнімдерді әзірледі. Аталған тариф алынып тасталғаннан бері біздің электр қуатына төлейтін шығынымыз 5 пайызға артты. Өндірілген тауар құны жұмсалған шығындарға тікелей тәуелді. Ол бағаның көтерілуіне әсер ететіні сөзсіз», - дейді «ViZaVi Company» серіктестігінің бас директоры Лейла Сайдашева.

Лейла Сайдашева уақыт озған сайын бизнес жүргізу ісі күрделеніп бара жатқандығын да тілге тиек етті. Жанар-жағармай, көліктік қызмет құны, ұн, май, басқа да қоспалар бағасының көтерілуі жалпы шығындарды еселей түскендігін айтады.

«Жаңа қондырғылар сатып алдық. Еңбек өнімділігі айтарлықтай артты. Өнім түрін көбейттік. Компанияның алдына қойған мақсатына жетудегі алғышарттарының бірі – ішкі тәртіп санитарлық талаптарды сақтау. Гигиена – компанияның бет-әлпеті іспетті.  Стандарттаудың жаңа деңгейі  - ISO 22000–ге өтпекпіз. Сондықтан, шикізатты сатып алудан бастап, дайын өнімге айналу процесі толықтай жіті бақылауда. Біз «ViZaVi Company» компаниясының құрамындағы бөлімше жетекшілерімен жиналыс құрып, тауар бағасын көтермей, барынша сапалы өнім шығару жолдарын қарастырамыз. Түсетін пайда көлемі 20 пайызға азайды. Оның себебі – шығындардың көбеюі, атап айтқанда электр энергиясына төлейтін ақша тым көбейіп кетті», - дейді Лейла Сайдашева.

Шығындардың артуы – тауар бағасына әсер етері хақ. Айналып келгенде оның салмағы қарапайым тұтынушыға түседі.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО