Петропавл әкімі қала атауын өзгерту туралы ұсынысқа пікір білдірді
Қала атауын өзгерту туралы ұсынысты 22 мың адам қолдаса, 13 мыңға жуық адам қарсылық білдірген
Әлеуметтік желілерде Петропавл қаласының атауын Қызылжарға, ал Павлодар атауын Ертіске ауыстыру туралы жаңа петиция тарап жатыр. Аталған жайтқа қатысты Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков Facebook-парақшасында пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қала атауларын өзгерту туралы ұсынысты 22 мың адам қолдаса, 13 мыңға жуық адам қарсылық білдірген. Дауыс беру egov.press порталында жүріп жатыр.
«Мен, қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде Петропавл қаласының атауын өзгерту туралы онлайн-петицияның жақтастары мен қарсыластарының пікірталастары жүріп жатқанын байқадым. Бұл петицияны жеке тұлға мемлекеттік емес сайтта жасағанын атап өткім келеді. Мемлекеттік органдардың бұл бастамаға қандай да бір қатысы жоқ.
Қала әкімдігінің күн тәртібінде қайта атау туралы мәселе көтерілмегенін ресми түрде мәлімдегім келеді. Бұл мәселе туындаған жағдайда да, оны қарау біздің қаламызда тұратын халықтың пікірін ескере отырып, елдің ономастика саласындағы қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізілетін болады», - деп жазды Болат Жұмабеков.
Оқи отырыңыз: «Кеңес үкіметінің елесінен арылатын уақыт баяғыда келді»: Петропавлда қала атауын өзгерту жөнінде петиция жарияланды
Өңір басшысы азаматтарды өзара құрмет көрсетуге шақырып, әлеуметтік желілерде пікір қалдыру кезіндегі жауапкершілік болатынын еске салады.
«Жаңа Қазақстанда біз әрдайым «әр түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатын ұстануымыз қажет» деп айтқан болатын Президент Қ. Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында. Біздің қаламыздың тұрғындары Президентпен бірдей пікірді ұстанып және біз бір-бірімізбен қатысты жоғары мәдениет танытатынымызға сенімдімін», - деп жазды Б. Жұмабеков.