20 миллион теңгесін қаржы пирамидасына салған әйел өзін өртеп жіберді
Қазір ол ауруханада жатыр
Қаржы пирамидасына алданып, сан соғып қалған әйел Ішкі істер министрлігі ғимаратының алдында өз-өзін өртеп жіберді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазнетте Mudarabah Capital-ға алданған әйелдің өзін- өзі өртеп жібергені бейнеленген видео жарияланды.
«11 сәуір күні сағат 16:38-де «102» пультіне ҚР ішкі істер министрлігі ғимаратының жанында бірнеше әйел өзін-өзі өртегелі жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен «Алматы» ауданы әкімдігінің өкілі келді. Олар Алматы қаласында болған қылмыстық іске қатысты шара қабылдаудан бас тартқан жағдайда өз-өздерін өртейміз деп мәлімдеді», деп көрсетті елордалық Полиция департаменті.
Полиция қызметкерлері мән-жайды түсіндіргеніне қарамастан наразы топтың ішінде бір адам өзінің үстіне сұйықтық шаша бастаған. Учаскелік инспектор шалт қимылдағанымен, от лап ете түсіпті. Жалын дереу сөндіріліп, әйелге медициналық көмек көрсетілді, қазір ол ауруханада жатыр.
Полиция департаментінің мәліметінше полицейдің де қолы күйіп қалған.
Бұған дейін Бағила Досмайылова деген әйел Instagram желісіндегі парақшасында Алматы қаласы Полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Әбдірахманов Mudarabah Capital-ға қатысты қылмыстық істі жабуға тырысуда деп айыптап, өзінің өліміне Әбдірахмановты кінәлауды сұрап пост жазған болатын.
Бүгін бұл оқиғаға қатысты Рустам Әбдірахманов жауап берді.
«Көрсетілген қылмыстық іс бойынша 14 адам күдікті деп танылды, екеуіне халықаралық іздеу жарияланған. Сонымен қатар 6 күдікті қамауға алынды, үшеуі кепілзат беріп үйіне босатылды, тағы екеуі үйқамақта, бір адамнан ешқайда кетпеу жөнінде қолхат алынды...Процеске қатысушылар іспен танысқаннан кейін қылмыстық іс жақын арада сотқа жолданады. Материалдық шығынды өндіру мәселесін сот қарайтынын атап өткім келеді», деп жазды Полиция департаменті басшысының орынбасары Instagram-дағы парақшасында.
Сонымен қатар Рустам Әбдірахманов Бағила Досмайылова тезірек жазылып шығуына тілек білдірген.
Естеріңізге саламыз, Mudarabah Capital 2020 жылы құрылған, оны танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Азимжан Саидбаев жарнамалаған болатын.