Ақтөбеде маска тағуды мәжбүрледі деп пациент емхананы сотқа берді

Azattyq Rýhy

Ол емхана құқығымды бұзды деп моральдық өтемақы талап еткен

Ақтөбеде маска тағуды мәжбүрледі деп пациент емхананы сотқа берді
фото ашық дереккөзден

Ақтөбеде пациент емхана басшылығы мен мейірбике маска тағуға мәбүрлеп, құқығымды бұзды деп сотқа арызданды. Бұл туралы Azattyq Rýhy «Диапазон» сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Пациент №5 емхана қызметкерлері маска тағуға мәжбүрледі және одан бас тартқаным үшін қызмет көрсетпеді деп сотқа жүгінген. Сонымен қатар ол демікпесі болғандықтан маска тақпағанын, осы оқиғадан кейін жекеменшік ауруханаға баруға тура келгенін айтады.

Сотта емхана қызметкері ол уақытта елімізде карантин режимі болғанын және Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес талап етілгенін алға тартты.  Бұған қоса пациенттің дөрекі әрекет көрсеткені үшін полиция шақырылғанын жеткізді.

Азаматтық істі қараған сот емдеу мекемесі қызметкерлерінің талабын заңды деп таныды әрі оқиға кезінде пациент диагнозын растайтын анықтаманы көрсетпегенін түсіндірді. Мұндай анықтаманы шағымданушы тек сотқа алып келген. Демек дау туғызған жағдай орын алған уақытта емделушінің құқығы бұзылған жоқ деп танылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.