«Қазгидромет»: Алдағы демалыс күндері еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын болады
Республика бойынша тұман, желдің күшеюі байқалады
«Қазгидромет» РМК 9-11 сәуіріне арналған ауа райы болжамы жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің хабарлауынша алдағы үш тәулікте, Қазақстан аумағының басым бөлігінде оңтүстік циклонның және онымен байланысты атмосфералық фронтальді бөліктердің әсерінен, тұрақсыз ауа райы сақталады — жаңбыр жауады, республиканың солтүстік-батысында түнгі уақытта қар мен жаңбыр түріндегі жауын-шашын болуы мүмкін.
«Оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда, кейде найзағай ойнап, қатты жаңбыр жауады. Қазақстанның солтүстік, шығыс аудандары ғана солтүстік-батыс антициклон жотасының ықпалында болады. Осыған байланысты мұнда ауа райы жауын-шашынсыз болып, температура біртіндеп жоғарылауы мүмкін.
Республика бойынша тұман түсіп, жел күшеюі байқалады», - делінген хабарламада.