Нұр-Сұлтаннан Павлодарға дейін телефонмен хат жазысқан такси жүргізушісі жазаланды

Azattyq Rýhy

Өңірде көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланғаны үшін 2000-ға жуық жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған

Нұр-Сұлтаннан Павлодарға дейін телефонмен хат жазысқан такси жүргізушісі жазаланды
Фото: ашық дереккөзден

Жол бойы телефонмен сөйлескен жүргізушінің қылығы туралы Павлодар қаласының тұрғыны «102» мобильді қосымшасы арқылы полицейлерге шағым түсірген,  деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, осыдан біраз уақыт бұрын Нұр-Сұлтаннан Павлодарға таксимен келгенін, такси жүргізушісі жол бойы ұялы телефонмен сөйлесіп, біреумен хат жазысқанын айтқан.

"Сондай-ақ жүргізушінің өзінің және басқа жолаушылардың сұрақтарына жауап бермегенін айтты. Әйел көліктің маркасы мен мемлекеттік нөмірін полиция операторына тапсырды",  -  деді департаментте.

Тәртіп сақшылары құқық бұзушыны тез арада анықтады. Ол полицияға көлік жүргізуде тәжірибесі  көп екенін және бір уақытта бірнеше нәрсені жасай алатынын айтып ақталған. Дегенмен полицейлер ӘҚБтК-нің 591-бабын бұзғаны үшін жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырып, алдағы уақытта мұндай фактілердің қайталанбауы үшін онымен профилактикалық әңгіме жүргізді.

Айта кетерлігі, өңірде көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланғаны үшін 1961 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.