$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Министрлік бизнес өкілдерін импортты алмастыратын жобаларды іске асыруға шақырды

Кәсіпкерлерге жеңілдетілген қаржылық қолдау ұсынылады 

Министрлік бизнес өкілдерін импортты алмастыратын жобаларды іске асыруға шақырды

Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінде, атап айтқанда машина жасау, химия өнеркәсібі, металлургия, жеңіл өнеркәсіп және құрылыс материалдары өндірісінде импорттық өнімді алмастыратын негізгі инвестициялық жобалар пулын іске асыру үшін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биылғы жазда бизнесті мемлекеттік ынталандыру бағдарламасын іске қосады. Онда жеңіл шарттармен қаржыландыру, инфрақұрылымды дамыту және кадрлардың біліктілігін арттыру шаралары көзделген. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте министр Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Атап айтқанда, шағын және орта бизнес үшін өңдеу өнеркәсібі жобаларына пайыздық мөлшерлеме 3-тен 7%-ға дейін болады деп көзделген.

Жеңіл шарттармен қаржылай қолдау алу үшін:

- жобаның басым бағыттарға сәйкес келуі (міндетті түрде қайта өңдеу саласына жатқызылуы);

- Шағын және орта бизнес субъектісі болуы (ҚДБ қаржылық қолдауын пайдаланатындарды қоспағанда) тиіс.

Бағдарлама биыл жаздың ортасында іске қосылады. Барлық тиісті рәсім аяқталғаннан кейін БАҚ-та ақпарат ашық жарияланады.

«Құрметті бизнес қауымдастықтардың өкілдері, егер жобаларыңыз көрсетілген негізгі өлшемдерге сәйкес келсе, көрсетілген тікелей орындаушыларға хабарласуды сұраймыз. Барлық мәселелерді өз құзыретіміз шеңберінде қарастырып, пысықтауға дайынбыз», - деп мәлімдеді министр.

Қайырбек Өскенбаев сондай-ақ, бірінші кезеңде 131 негізгі жобаны іске асыру 5,6 трлн теңге көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік беретінін, оның 1,3 трлн-ы ғана бюджеттік несие түрінде бөлінетінін айтты.

Сонымен қатар министрлік ел ішіндегі салааралық кооперацияны қамтамасыз ету және әлемдік деңгейдегі өнім берушілерді дамыту шараларын қолданады.

Ұсынылатын қолдау шаралары шеңберінде бизнес үшін жұмыскерлердің жалақысын көтеру және қаржыландырылатын зауыттар айналасында өндірістік тізбеге енгізілген шағын және орта кәсіпорындардың белдеулерін құру сияқты қарсы міндеттемелер енгізіледі. 

Серіктес жаңалықтары