Қазақстан Қарулы күштерінде тексеру жұмыстары басталды

Azattyq Rýhy

Шара Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа пішінде өткізіліп жатыр

Қазақстан Қарулы күштерінде тексеру жұмыстары басталды

Әскерлерді тексеру қысқы оқу кезеңі аяқталғанша жүргізіледі. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскердің жауынгерлік дайындығын түбегейлі арттыру жөніндегі міндеттерін іске асыру шеңберінде бұл шара жаңа пішінде өтуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Бас штабтың жоспарына сәйкес, құрамалар мен әскери бөлімдер оқу дабылымен көтерілді.

Бөлімшелер практикалық оқу-жауынгерлік міндеттерді орындайтын полигондарға темір жол көлігімен, жауынгерлік техникамен жетуді жүзеге асырады.

«Полигондарда тактикалық, оның ішінде түнгі жағдайда да оқу-жаттығулар мен атыстар өтетін болады. Бұдан өзге, бөлімдердің белгіленген мерзімде жүктелген тапсырмаларды орындау үйлесімділігі мен қабілеті, әскери қызметшілердің оқытылуы, сондай-ақ командирлердің бағынысты және сеніп тапсырылған бөлімшелерді басқара білуі бағаланатын болады», - делінген ведомство хабарламасында.

Қарулы күштердің барлық құрамалары мен бөлімдері, сондай-ақ әскери басқару органдары тексеріледі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.