Елімізге Қырғызстаннан ірі көлемде заңсыз тауар әкелмек болғандар ұсталды

Azattyq Rýhy

Мемлекеттік кірістер комитеті жалған құжатпен тауар тасымалдаушылардың жолын кесті

Елімізге Қырғызстаннан ірі көлемде заңсыз тауар әкелмек болғандар ұсталды

Қырғызстанмен шекарада жалған құжат рәсімдеп алған 6 жүк көлігі ұсталды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ҚР Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті 1 сәуірде тауарға жалған ілеспе құжаттар бойынша халық тұтынатын тауарлардың (киім, аяқ киім, косметика, ыдыс және т.б.) ірі партиясын Қазақстан Республикасына әкелу әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Қырғыз Республикасынан келе жатқан 6 жүк автокөлік құралына қатысты тақырыптық салықтық тексеру жүргізу барысында құжаттарда Қазақстан Республикасының алушысы ретінде көрсетілген компанияның аталған тауарлардың импортына ешқандай қатысы жоқ екені анықталды», - делінген комитет хабарламасында.

Жүргізілген тексеру аясында компания басшысы импортқа қатысы жоқтығы туралы мәлімдеме жасады, осыған байланысты аталған іс бойынша материалдар тауарларды мемлекет кірісіне айналдыру мақсатында сотқа жіберілетін болады.

Мемлекеттік кірістер комитетінде түсіндіргендей, импортқа қатысы жоқ тұлғалардың атына тауарларды әкелу сұлбасы импортқа ҚҚС төлеуден жалтару үшін қолданылады.

Қырғыз Республикасымен өзара саудада көлеңкелі тауар айналымын қысқарту мақсатында бірқатар жұмыс кездесуі өткізілді. Бұл мәселе 2022 жылығы 15-16 ақпанда Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі жұмыс тобының отырысы барысында да қаралды.

Оның нәтижелері бойынша Қырғызстанның Қаржы министрлігі жанындағы Мемлекеттік салық қызметі 16 ақпаннан бастап экспорттаушыларда ЕАЭО елдеріне экспорттау кезінде тасымалданатын тауарға электрондық шот-фактуралардың (ЭШФ) болуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді өзіне алды. Дегенмен, ЭШФ-сыз тауарларды өткізу фактілері жалғасуда.

«Тек 27-31 наурыз аралығында қытай өндірісінің халық тұтынатын тауарларын тасымалдаған 345 жүк машинасының 268-і (78%) ЭШФ-сыз жөнелтілген. Қалған жағдайларда ЭШФ барлық тауарға рәсімделмеген», - делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.