Импорттық асыл тұқымды мал елімізге түрлі ауру әкелді – Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы
Қазіргі уақытта Қазақстанда 114 ветеринариялық зертхана жұмыс істейді
Ветеринария бойынша іс жүзінде барлық қызмет әкімдіктердің қарамағына берілді. Алайда жергілікті жерлердегі ветеринариялық іс-шаралар бюджет қаражаты есебінен профилактика жүргізумен шектеледі. Сондықтан, соңғы жылдары адамдарға берілетін жануарлардың жіті және созылмалы жұқпалы ауруларының өсуі байқалды. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Ерлан Барлыбаев ветеринария жүйесін реформалау тақырыбында өткен Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Барлық жерде құтыру және бруцеллез ауруларының өршуі байқалады, осы аурулармен күресте оң динамика жоқ. Мысалы, 2020-2021 жылдары бруцеллез ауруының саны 2% пайызға өсті. Сонымен қатар, сібір жарасы сияқты аурулар 6 есе, лептоспироз 5 есе, анаэробты энтеротоксемия 5 есе, вирустық диарея және инфекциялық ринотрахит 113% пайызға өсті», - деді Барлыбаев.
Сонымен қатар, бұл ретте импорттық асыл тұқымды мал басын әкелуде де көптеген проблемалар туындаған. Олармен бірге елге инфекциялық ринотрахеит, блютанг, нодулярлық дерматит, шмаленберг ауруы және вирустық диарея сияқты аурулар келгені айтылды.
«Жануарлардың жұқпалы аурулары, олардың өлімі және мәжбүрлі сою, аурулардың нәтижесінде өнімділіктің төмендеуі, сол сияқты оларды вакцинациялау және емдеу шығындары, карантиндік шаралар фермерлерге ғана емес, сонымен қатар елдің жағдайына тікелей экономикалық зиян келтіреді, соның ішінде саланың экспорттық әлеуетінің төмендеуіне әсер етеді», - деді Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы.
Аталған мәселені шешу жолында ветеринарлық инспекцияның қызметін сапалы жаңа деңгейге көтеру, заң талаптарының орындалу жауапкершілігін арттыру, қажетті материалдық-техникалық ресурстармен және арнайы көлік құралдарымен қамтамасыз ету ұсынылды.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда 2010-2012 жылдары пайдалануға берілген құны 14,6 млрд теңгені құрайтын 114 ветеринариялық зертхана жұмыс істейді. Олардың жұмысына ерекше назар аударып, мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет», - деді Ерлан Барлыбаев.