101 тонна бекіресі қырылып қалған Атыраудағы «Луговой жылқы зауытына» тағы қауіп төнді

Azattyq Rýhy

Су құрамында екі есе көп хлор бары анықталған

Фото ашық дереккөзден

101 тонна бекіресі қырылып қалған Атыраудағы «Луговой жылқы зауытына» тағы қауіп төнді. Балықшылар ақпан айының аяғында екі күн бойы су бетінде май тәріздес сұйықтықтың қалқып жүргенін байқаған. Іле-шала алынған сынамадан су құрамында екі есе көп хлорды анықтапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

Зауыт басшылығы ол кезде балықтардың судың тереңінде, яғни "қыстақта" болғанын айтады. Егер жағдай қайталанса, бағалы балықтарды өлтіріп аламыз ба деп алаңдаулы.

 «Біз кеше «қыстақтан» көтердік. Ол дегенің  балық судың бетінде жүреді. Ол маймен балық өзіне суды алатын болса, тағы проблема болуы мүмкін.  Қырылып қалу қаупі бар. Жасыратын ештемесі жоқ. Біздің өзіміз тапсырған кезде  хлордың мөлшері екі есе көп болды», - дейді «Луговой жылқы зауыты» директорының орынбасары Жанболат Абылаев.

Жанболат Абылаевтың сөзінше, жағдайды тиісті органдарға хабарлаған. Қазір табиғатты қорғау прокуратурасы мен экология департаменті тексеріс жүргізуде. Әзірге ресми жауап жоқ. Естеріңізге салайық, 2018 жылдың аяғында зауыттың 36 мың дана бекіре балығы мен Жайық өзенің 15 мың келі қара балығы қырылып қалған еді. Сотта «Атырау су арнасы» мекемесі кінәлі деп танылып, зауыт жуырда ғана 1 жарым млрд теңге шығынын өндіріп алыпты.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.