Алматыда синтетикалық есірткі өндіруге арналған шикізаттың ірі көлемі тәркіленді

Azattyq Rýhy

Есірткі дайындайтын цех «Қалқаман» ықшамауданындағы жеке үйдің жертөлесінде жұмыс істеген

Фото ашық дереккөзден

Алматыда синтетикалық есірткі өндіруге арналған шикізаттың ірі көлемі тәркіленді. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департамент мәліметінше, есірткі дайындайтын цех «Қалқаман» ықшамауданындағы жеке үйдің жертөлесінде жұмыс істеген. Белгілі болғандай, үй өткен жылдың қазан айында жас жігітке ай сайынғы 300 мың теңгеге жалға берілген.

 «Рұқсат етілген тінту кезінде ұнтақ және кесек түріндегі заттар, пластик ыдыстар, электронды таразылар және мефедрон синтетикалық психотроптық затын өндіру кезінде қылмыскерлер пайдаланған басқа да дүниелер тәркіленді. Есірткі шығаруға жауапты – 23 жастағы О.есімді азамат. Аяқталмаған медициналық білімі бар жас жігіт, есірткі өндірісін жолға қойған. Жалпы, есірткі зертханасынан бірнеше келі кептірілген шөп тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу басталды», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.

Полиция қызметкерлері жедел түрде есірткі бизнесіне тағы бес адамның қатыстылығын анықтады, олардың екеуі 23 және 19 жастағы қыздар. Олар – Түркістан және Алматы облыстарынан келген. Олардың міндеттеріне дайын есірткілерге бетбелгі қою кірді. Күдіктілер қамауға алынды.

«Қылмысты ұйымдастырушының айтуынша, ол Telegram-дағы куратордың нұсқауы бойынша әрекет еткен. Зертханаға арналған құрамдас бөліктерді Алматы облысы Талғар ауданы аумағындағы «бетбелгілер» арқылы алған. Бір апта ішінде ол 2-3 келіге жуық синтетикалық есірткі жасаған, жұмысы үшін биткоинмен апта сайын 280 мың теңге көлемінде қаражат алып отырған. Сараптама қорытындысы бойынша, тәркіленген заттар жалпы салмағы 4 келіден асатын «А-PVP» синтетикалық есірткі заты, мефедрон – 312 грамм және 15 литр тулуол (прекурсор). Шикізат бағасы – 150 млн теңге», – деді Әбілбеков.


 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.