$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Павлодарда көрпе, жастық тігумен айналысатын «Қазақ соқырлар» қоғамы өнімдерін өткізе алмай отыр

Бұдан бөлек тауарға жыл сайын куәлік алу да қиындап кеткен

Павлодарда көрпе, жастық тігумен айналысатын «Қазақ соқырлар» қоғамы өнімдерін өткізе алмай отыр
Фото ашық дереккөзден

Павлодарда көрпе, жастық тігумен айналысатын «Қазақ соқырлар» қоғамы өнімдерін өткізе алмай отыр. Тауарға берілетін сертификатты жыл сайын жаңарту қиындық тудырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

Қоғам мүшелерінің айтуынша,  құжатты рәсімдеудің машақаты көп, тіпті оны алу үшін  жыл сайын ақша төлейді. Бұл онсыз да шаруасы шатқаяқтаған тігін цехының жұмысын тұралатып жіберді дейді. Салдарынан мемлекеттік сатып алуларға да қатыса алмай қалғандарын айтады. 

Павлодардағы тігін шеберханасында тұрмысқа қажетті тауардың 30 түрі дайындалады. Көрпе, жастық, жұмысшы киімдері  арнайы тапсырыспен тігіледі. Бұрын олар  өнімді ікелей келісім шарт арқылы сататын. Бірақ, биыл  мемлекеттік сатып алу туралы заңына  енгізілген өзгерістер  кәсіпорын жұмысын тұралатып тұр дейді.  

 «Біз мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатыса алмай отырмыз. Шикізатты шетелден сатып алатындықтан, біздің тауарымыз қымбатқа түседі. Ал тендер жарияланған кезде кім бағаны аз ұсынады, сол ұтып алады. Ал біздің бәсекелестеріміз тіпті өнімді де өндірмейді. Қытайдан тауар әкелетін делдалдар», - деді Павлодар облысы «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Арынғали Бердиев.

Салдарынан кәсіпорын өз өнімін  нарыққа өткізе алмай отыр. Бұдан бөлек тауарға жыл сайын куәлік алу да қиындап кеткен. Бұл да қып-қызыл ақша дейді.   

Ал өңірдің кәсіпкерлік палатасы өкілдерінің айтуынша, куәлік алудың еш қиындығы жоқ. Барлық жұмыс электронды портал арқылы жүзеге асырылады дейді. Сертификаттың құны 2 АЕК көлемінен аспайтынын айтады.  

 «Тауар түрін үш жылдан артық уақыт өндіріп келе жатқандарын дәлелдеу үшін, өтініш беруші негізгі құжаттармен қоса жыл сайын «СТ-КЗ» үлгідегі сертификатын көрсетуі керек. Шикізатты сатып алған шот-фактурамен оның үш жылдан бергі бағасы өзгермегенін дәлелдейтін құжатты да ұсынуы қажет. Ал шикізат бағасы жыл сайын өзгеріп отыратыны белгілі», - деді Павлодар өңірлік Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Александр Вервекин.

 Десе де, өңірлік кәсіпкерлер палатасы кәсіпорынға өнімдерді өткізуге қолдау көрсетуге әзір екендерін жеткізді. Жарнама агенттіктері арқылы да ақпараттық демеу жасамақ.   

 

Серіктес жаңалықтары