Қызылордада жалғызбасты ана мемлекеттік бағдарламамен берілетін несиені ала алмай жүр

Azattyq Rýhy

Жанат Егізбаева бармаған жерім, баспаған тауым қалмады дейді

Қызылордада жалғызбасты ана мемлекеттік бағдарламамен берілетін несиені ала алмай жүр
Фото ашық дереккөзден

Қызылордада тұратын жалғызбасты ана Жанат Егізбаева кәсіп бастаймын деген жоспарым құрдымға кетіп барады деп ашынады. Ол мемлекеттік бағдарламамен берілетін 6 пайыздық несиені ала алмай 7 айдан бері сандалып жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Экспресс К сайтына сілтеме жасап.

Тіпті несие алу үшін қайын ағасының үйін банкке кепілдікке қойған, деп хабарлайды Экспресс К.

Ал енді несие де жоқ, баспана да жоқ деп қынжылады ол. Жанат Егізбаева 4 баланың анасы. Келіншек мемлекеттік бағдарлама арқылы ауылшаруашылығымен айналысқысы келетіндерге несие беріледі дегенде қатты қуаныпты. Соған сеніп несиеге бірнеше сиыр алып, ешкімге тіленбей отбасымды асыраймын деп ойлаған. Барлық құжаттарын дайындап, жақынының үйін кепілдікке қойған. Содан бері бірнеше ай өтсе де, кәсіпкерлерге берілетін қаражатқа қол жеткізе алмай жүр.

«Күнде барамын. Әне береміз, міне береміз деп алдап жүр. Қыркүйекте дайындап қойғам құжаттарды. Жаңа жылға дейін береміз деген. Әлі жоқ. Мемлекеттің кәсіпкерлерді қолдағаны осы ма? Не жөнді жауап бермейді», - деп ашынады жалғызбасты анна.

Жанат Егізбаева бармаған жерім, баспаған тауым қалмады дейді.

Ал аграрлық несие корпорациясының қызметкерлері Жанат Егізбаеваға несие беруге жақында ғана шешім қабылданды деп отыр.

«Бұл кісіге бір аптаның ішінде несие берілетін болды. Ол қыркүйектен бері жүрген жоқ. Осы айдың 10-на несие комитеті шешім шығарды. Несиеге ілікті», - деп қысқа қайырды корпорация маманы.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.